«Отан – отбасынан басталады» дегендей, ел келешегі бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау өзекті мәселелердің бірі. Адам баласына тән адалдық пен мейірімділік, адамгершілік пен қамқорлық, татулық пен тектілік сынды асыл қасиеттердің бала тәрбиесінің алғашқы баспалдағы отбасында қалыптасады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны біледі» деп ата-бабамыз қалай дөп басып айтқан?! Әлбетте, отбасылық құндылықтар теңізінен нәр алып өскен ұрпақ болашақта соған сай әрекет ететін болады.
Облыстың, ауданның, қала берді Бейбарыс ауылының мерейін республика деңгейінде асқақтатып, жүлделі ІІ орынды еншілеп қайтқан абысын-ажындардың ең үлкені Нұрсұлу Абишовамен тілдескен едік.
- Менің бұл әулетке келін болып түскеніме отыз бес жыл болыпты. Үйдің ең кенже келінімін. Ата-енем өмірге 16 ұрпақ әкеліп, оның 11-і өсіп-өнді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан тараған немере-шөбере, жиендерімен жапырағы жайылған бәйтеректей елге сыйлы әулетке айналдық. Байқауға қатысқан қайнағаларым мен абысынымдарымның, яғни, немере келіндерім жайлы айтып кетсем. Жансүйген – балабақшада тәрбиеші, Айнагүл жеке кәсіпкер, Әсем шаштараз, Нұргүл мен Гүлайым көп балалы аналар, Индира қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болса, Оксана – теміржолшы. Барлығы қалада өз қызметтерінде абыройлы еңбек етуде. Соған қарамастан, республикаға барамыз дегенде, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдықпен дайындалдық. Байқаудың өнер көрсету бөлімінде асатаяқпен билесек, «Интернеттің пайдасы мен зияны» тақырыбындағы сахналаған көрінісіміз тіптен ерекше шықты. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолынан тастамайтын сымсыз байланыстың пайдасы алыстағы туысыңмен бетпе- бет сөйлесуге мүмкіндік берсе, зияны денсаулыққа, оның ішінде баланы сөйлеу қабілетінен айыруға әкеліп соғатынын үнсіздікпен ұғындыруға тырыстық. Бұл жеңіс – біз үшін үлкен жетістік. Сегіз адам, сегіз түрлі ой-пікір, көзқарас болады. Соның бәрін бір арнаға тоғыстырып, әрқайсымыз өз рөлімізді ұршықтай иіріп әкете білгеніміздің нәтижесінде осындай нәтижеге жеттік, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қырық жылға жуық уақыт ауылдық мектепте химия пәнінен сабақ беріп, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы кейіпкеріміз – бүгінде аяулы жар, төрт ұлдың анасы, келіндерінің ақылшы енесі, ұрпағынан тараған он немересінің сүйікті әжесі.
Осы жылдар ішінде ол әулетке сыйлы келін, іні-сіңліге жеңге болудың тағылымын келіндеріне үйрете жүріп, әулеттің ақылшы, данагөй анасына айналып отыр.
Балнұр САПАРОВА