Биыл Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толмақ.
Ұлы ақын мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы комиссия құрылған. Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, мемлекет көлемінде, халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Абай шығармашылығының ғылым-білім тақырыбына талдау жасаған Мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазірдің өзінде өзектілігін жоймағанын жазды. Ілгерілеудің негізі- білім мен ғылымда екені рас. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдануы осы бағыттағы игі бастамалардың бірі деп түсінген абзал.
Қ.Тоқаев Абайдың тіл үйрену туралы тұжырымына ерекше тоқталған. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады. Президент «егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек» дегенді қосты. Мемлекет басшысының «Халық үшін құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы дәл әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылған. Онда: «билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог-мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек.
Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт үшін Абай шығармаларын мұқият оқу керектігіне тоқталыпты. Өйткені, Абайдың қоғамдағы түрлі үрдістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Президент: «әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын» деген ұғым қалыптасқаны секілді әр шаңырақта Абай кітабы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы тиіс» деп санайды.
Мақалада Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара өткізілетіні айтылды. Біз Абайдың арманы-халықтың арманы деп түсінгеніміз абзал.
Президент: «ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдерісінен шығудың жолын іздеуге ұмытылдыруға тиіс» деп жазғанын білеміз. Ол еліміздің әр азаматын тойдың алдында ел мен елдік жөнінде терең ойлануға шақырды.
М.Оразғалиұлы,
Махамбет ауданының Құрметті азаматы
Сурет:дереккөз