Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысында "Қазақтану" жобасы аясында "Өз еліңді таны" Республикалық жастар экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Еліміздің барлық аймағынан 200-ге тарта жастың басын қосқан экспедицияға Атырау облысынан арнайы қатысып қайттым.
«АЛЖИР» - ӘЙЕЛДЕРДІҢ АЗАП АРАЛЫ
Алғашқы аяқ басқан тарихи орын - елордадан 17 шақырым жердегі Ақмол (бұрынғы Малиновка) елді мекенінде орын тепкен саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешені. Қақпадан кіре берісте көз алдымызда «Сталин вагоны», «Қасірет қақпасы монументі», «Еске алу қабырғалары» тұрды. «Сталин вагоны» немесе "Қызылша" деп атап кеткен вагон 1929 жылы құрастырылған вагонның түпнұсқасы. 1937-38 жылдары тұтқындарды тасымалдауға пайдаланылған. Ақын-жазушыларымыздың әйелдерін күйеулерімен кездестіреміз деген жалған ақпаратпен үйлерінен алып шығып, осы вагондарға отырғызған екен. Жол бойы ол әйелдерге тамақ, су берілмеген, содан олар түрлі аурулардан, аштықтан өліп жатты. Ал оларды арнайы орынға жерлемей, жолда тастап кетіп жүре берген. АЛЖИР-ге 1938 жылы 6 қаңтарда алғашқы әйелдер тобы әкелінеді. Олар дала жұмысына жегілген, қара жұмыс жасап, барактар тұрғызған. Бұл лагерьде 18 мыңға жуық әйел отырған, оның 7 мыңының аты-жөні белгілі болса, 500-дей әйел осы жерде қайтыс болған. Әйелдердің күшімен тұрғызған барак әлі сол күйінде сақтаулы тұр.
КОМПОЗИЦИЯҒА ТОЛЫ МҰРАЖАЙ
Мұражай 2007 жылы 31 мамырда Елбасы Н. Назарбевтың бастамасымен ашылған болатын. Ғимарат - кесілген конус пішіндес. Бұл құпиясы мен сыры мол қобдиша, қайғы сақтау орнындай. Ғимараттың терезесі жоқ, бірақ жарық экспонаттарға жоғарғы жақтан түсіп тұрады және құпия біртіндеп ашылады дегенді меңзейді. Мұражай екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында - Алаш қозғалысы тарихы, екіншісінде "Алжирдың" тарихының мәліметтері бар.
Біздер алдымен 20 минуттық "Алжирдың қаһарлы салқыны" атты тарихи бейнефильм тамашаладық. Одан кейін музей қызметкерлері тарихи кешеннің жұмысымен, экспонаттарымен таныстырды. Ортада "Өмір Гүлі" композициясы орналасқан. Қанша қиыншылық, қасірет көрсе де, өмірдің жалғаса беретіндігін көрсетіп тұрғандай. Ал жоғары жағында "Еркіндік және Еркінсіздік" композициясы бар. Оның ішіндегі 15 көгершін сол уақыттағы 15 одақтас мемлекетті көрсетеді. Бірақ сол көгершіндердің бірі - бостандыққа шығып жатса, кейбірі - тор ішінде мерт болып жатыр. Бұлар - "Алжир" тарихынан алынған композициялар.
Бұл жерде алғашқы демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің қолжазбалары да қойылған екен. Ғалым 18-20 ғасыр аралығында бақи болған адам шығынының есебін шығарып, кестеге сызып кеткен. Ақтабан шұбырынды мен Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта жалпы адам шығыны - 6 миллион 600 мың адамға жеткен. 31-33 жылдардағы аштық кезеңінде 2 миллион 300 мың адам қаза болған. Голощекиннің келуі, көшпелі халықты отырықшы халыққа айналдыру, азық-түліктерін тәркілеу қазақты ашаршылыққа әкелді. Жеуге азық таппаған халық даладағы тышқан, басқа да жәндіктерді қорек еткен. Тіпті адам етін жегенін дәлелденген ганибализмдік құжаттар көрсетілген.
ТЕРГЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?!
Екінші қабатына көтеріліп, "Алжирдің" тарихымен танысу басталды. Дәл мұндай лагерьдің Қазақстанда 11-і болған екен. Бұл жерде көп құжаттардың, экспонаттардың түпнұсқасы қойылыпты. Мысалы, тергеу изоляторы, тігін машинасы, киімдер, т.б. Тергеу кабинетіне кіруге әйелдердің үрей-қорқынышы басым болған. 16-18 сағат дала жұмысынан кейін түнде алып келіп тергейтін. Тергеушілер екі сағат сайын ауысып отыратын болса, ал әйелдерді бір орыннан қозғалтпай 6-7 сағат бойы ұстаған. Ал әйелдер аяқтары жерге тимейтін, биік орындықта отыратын болған. Оның да себебі бар. Қара нансыз, сусыз отырған әйелдердің аяқтары ұйып, қан қысымдары көтерілген кезде, құжаттарға қол қойғызу жеңіл болған екен.
Бірінші кезекте қазақтың ақын-жазушыларының, қайраткерлерінің әйелдері әкелінген бұл жерге. Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлы тұлғалардың әйелдері осы жерде болыпты. Осымен, сапарымыздың бірінші күні де зу етіп өте шықты.
ТАБИҒАТЫ ӘСЕМ БУРАБАЙ
Ертесіне әсем өлке Бурабайға жолға шықтық. Аңыз бойынша бұл жерде, ақ желекті қайыңдар арасында ақ буралар жайылып жүрген екен. Уақыт өте келе ол буралар басқа аймаққа кете бастайды. Тек жалғыз бура қалады, оны жергілікті адамдар ерекше қадірлеп, сақтап жүретін көрінеді. Қауіп туған кезде бураға қанат бітіп, Көкше тауының басына шығып, ерекше дауыс шығаратын болған. Сөйтіп қауіптің келе жатқанын ескерткен. Бірақ ханның ерке баласы аңшылықта жүргенде сол бураны садақпен жаралайды. Содан аққан қаннан Иманай бұлағы пайда болып, сол жердегі көлге құйған деседі. Содан ол көл "Бурабай көлі" атанды деген аңыз бар. Тау-тасы, орман-тоғайына қатысты аңыз әңгімелер жетіп артылады. Ғалым Шоқан Уәлиханов өз зерттеуінде Оқжетпестің тарихына қатысты 20-ға тарта аңыздың нұсқаларын жинақтаған.
Ат шаптырым аумақты алып жатқан Абылайхан алаңы да осы Бурабайда. Хан Абылайдың құрметіне орнатылған стелладан 120 метр алшақтағы Көкше тауының етегінде қазақтар үшін қасиетті орын – аруақты ханның табиғи тас тағы бар. Көкшетау тауының бөктерінде әр рудың батырын жинап, хан Абылай келелі кеңес өткізген деседі.
АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА...
Экспедицияның соңғы күні «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы этнографиялық музейінде болдық. Бұл музей Жеке батыр тауының етегінде орналасқан. Сыртынан қарағанда мұражай кешені үшбұрыш формасында жасалған, негізгі идеясы – тұмарды меңзейді. Нысан жеті бөліктен тұрады. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Әрі бір-бірімен жерасты өткелдері арқылы жалғасқан. Барлық бөлмеге археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған 6 мың жыл бұрынғы Ботай мәдениетіне тиесілі жәдігерлер, тұрмыстық заттар қойылған.Біз музейдің экскурсоводы Сәкен Қайыржановтың көмегімен кешенді аралап, ондағы әр бөлменің тарихымен танысуға мүмкіндік алдық.
Сондай-ақ, Ерейментау ауданы Қарағайлы ауылының Құмай өзені маңында орналасқан Құмай археологиялық-этнографиялық музейін де тамашалау бақыты бұйырды. Бұл жерде біздің заманымыздың 6-8 ғасырларындағы тас мүсін ескерткіштер. Ерекшелігі - барлық тарихи кезеңдегі ескерткіштердің бір жерде шоғырлануы. Ғұрыптық қоршаулардың ішіне адам жерленбеген, сол заманның адамдары бабаларына арнап тастан мүсін орнатқан. Құрбандық шалу дәстүрі осы жерде өтетін болған екен.2009 жылдан бастап зерттеліп, мемлекет қорғауына алынған.
Солтүстіктің сақылдаған сары аязына қарамастан жастардың өз елінің тарихи орындарын білуге ұмтылғаны әрине, қуантарлық жағдай. Жаһандану заманында ата-бабаларымыздың кешегі өткен дәуірдегі соқпақтары жастар санасына тың серпіліс берері сөзсіз.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ