Азаматына қарап ауылын таны деген бар. Тұла бойына біткен тума талантымен көпке танылып, ауыл атын алысқа оздырған азаматтар әр өңірде баршылық. Солардың бірі Алға ауылының ардақты азаматы, өнер саласында өзіндік ізі қалған сырнайшы Кенесары Сүйінов Дәулетиярұлы.
Кенесары Даулетиярұлы 1947 жылы 20 қарашада Тегісшіл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1953 жылы осы ауылдағы 4 жылдық мектептің 1 сыныбына барады. Оқуын одан әрі нағашыларының ауылы Талқайраңда жалғастырады. Бала күнінен өзінің алғырлығын, сабақтан бөлек әнге деген құштарлығын аңғартқан Кенесары Сүйінов 1 сыныпты оқып жүргенде ақ ауыл үлкендеріне концерт қойған. 1962 жылы Сарайшық ауылындағы №91 училищені тракторист-машинист мамандығы бойынша бітіріп, туған ауылындағы №21 партсъез совхозының экономикасын көтеруге үлкен үлесін қосады. Совхоз тарағаннан кейін еңбектен қол үзбей, көп жылдар мектепте ұстаздық қызметін атқарып зейнеткерлікке шығады.
Оны ауылдарстары: «жаны жайсаң, өнерге деген құлшынысы зор, қарапайым, көпшіл, ақкөңіл, адамгершілік қасиетімен, азаматтық іс-әрекетімен қоғамда да, отбасында да қадірлі, ұл-қызын адал, білімді болуға баулыған азаматтардың бірі еді» - деп еске алады. Ол ауылдың өнер, мәдениет, білім, спорт салалаларына бір кісідей үлесін қосты. Әрдайым ауылдағы той-думанның басы-қасынан табылып, көптің алғысын арқалаған ел сыйлайтын азаматтардың біріне айналды.
Өткен жылы Алға ауылдық мәдениет үйінде Кенесары Сүйінді еске алуға арналған «Атыңнан айналайын, Ақторғыным!» атты облыстық ән байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталмыш байқауға облысқа қарасты аудандардан өнерпаздар қатысып, бақ сынады.
- Кенесары жастайынан домбыра, баян, скрипка аспаптарына машықтанып, ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Баянды өзінің серігі етіп, ауылдың адамдарына концерт беретін. Ол көптеген шәкірттер тәрбиелеп өсірді.
Солардың бірі республикалық Азия даусы байқауының бас жүлдегері атанған Сүйекбаев Хамилді айтуға болады. Қазіргі таңда Хамил Сүйекбаев облыстық Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында директордың орынбасары қызметін атқаруда. 1977 жылы Алға халық театрі, Талқайраң ауылының ұлт-аспаптар оркестрі болып Махамбет ауданы атынан облыс орталығында ұйымдастырылған байқауда музыкалық шығармаларды Кенесары баянмен қостап үлкен, мақтауға ие болып, жақсы атақ алғаны есімде қалды.Сондай ақ, кеңес кезінде Алға театрының құрамында өнер көрсетіп, Бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанғанын да айта кеткеніміз жөн, - дейді нағашысы, күйші әрі сазгер Нұрпейіс Молдақұлов.
1969 жылы жұбайы Ақзибамен (Зинеш) шаңырақ көтеріп, өмірге 8 ұрпақ әкелді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әкенің ұрпағы жалғасын тауып, көптеген немере-жиен сүйді.
Балаларына айтқан бір сөзінде: «Елге жасаған жақсылығым, халықтың алғысы сендердің алдарыңнан бақ боп шықсын» деп тілегін білдірген ардақты әке жетпістен асқан шағында дүниеден өтті. «Еңбек етсем, еліме пайдамды тигізсем» деп өткен алғалық азаматтың өмір жолы ел есінде осындай естеліктермен сақталып қалды.
Б.Сапарова