Күз және қыс айларында елімізді есеңгіреткен індеттің екінші толқыны белең алуы мүмкін.
Жаздағыдай жағдайға душар болып, ет жақындарымыздан айырылып қалмас үшін сақтық шараларын мұқият ұстанудың, адам көп жиналатын жерден бойымызды аулақ салудың маңызы зор. Соның бірі – марқұм болған адамның садақасына жиналмау. Десек те, бұл ауыл тұрғындарының қалыптасып қалған дағдысына мүлде кереғар келіп тұрғаны шындық. «Өлімнен ұятты күшті» деп санайтын халық сақтық шараларына мән бермей, қазалы үйдің шаңырағынан табылуды міндет санайды. Осындай жағдайда садақаға жиналмай-ақ сауапты істі қалай атқаруға болады? Жалпы шариғатта марқұмның 3,7,40,100 күндік қаделерін өткізу міндеттелген бе? Осы және өзге де сұрақтарға «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Ержан Иманғалиев жауап береді.
-Ержан Насихатұлы, дінімізде марқұмның 3,7,40,100 күндік қаделерін өткізу міндеттелген бе?
-Ислам дінінде қайтыс болған адамға қатысты төрт амал бар. Атап айтқанда ол марқұмды жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын шығару, жерлеуден тұрады. Марқұмның 3,7, 40, 100 күндік қаделерін өткізу парыз емес. Өмірден өткен жанға үйде отырып та дұға жасаса жетеді. Адам өзгеден емес, Алладан ғана ұялу керек.
-Өткен жылы ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында садақа дастарханына қойылатын тағамдардың тізбесі бекітілгенін білеміз. Дастарханды осы тізім негізінде дайындау жолға қойылды ма, әлде әлі де аста-төктік орын алып жүр ме?
-Иә, тізім бекітілгені рас. Бірақ соған қарамастан әлі де ысырапшылдық жасап жүрген ауылдастарымыз жоқ емес. Келген адамдар ауыз тигені болмаса, асты көп жемейді. Тағамдардың көп мөлшерде ысырап болуы деген осы. Ақыр соңында ол тағамдарды итке тастап, шұңқырға төге салады. Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Ол үйден ас шығартпау керек. «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» деген шариғатта негіз бар. Қонақтар үшін арнайы дастархан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Тағамды туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде жасауға болады. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн. Қашанда шариғат талабын орындау ләзім. Садақа жасайтын жамағаттар дастарқанға қойылатын тағамдар жөнінде мешіттен сұрап, имаммен ақылдасқанын қалар едік.
-Елімізде індеттің таралуына байланысты садақаларға баруға тыйым салынуда. Соған қарамастан қаралы үйдің алды топырлаған адамға толы. Бұл ауданымызда індеттің қайта өршуіне әсер етпей ме?
-Әрине, ажал айтып келмейді. Қазалы үй осы күнге дейін қалыптасып қалған дәстүр бойынша барлық жоралғыны жасауды міндетім деп санайды. Осы жерде тағы да айтарым, өмірден өткен адамды жуындырып, кебіндеп, жаназа намазын шығарып жерлесе жетіп жатыр. Қазіргідей дерттің таралу қаупі төніп тұрған кезде ас ұйымдастырып, өзгенің өміріне үлкен қауіп төндіруге болмайды. Індеттің беті қайтқанша көп адам шақырып, садақа жасауды уақытша доғарған жөн. Жерлеу кезінде құран мен бата оқыса, жетіп жатыр. Ал дастарханнан ас ішу міндет емес. Иін тіресіп, бірге отырып, ас ішіп, сөз сөйлеу мұның бәрі аурудың өршуін туғызады.
-Карантиндік шектеу кезінде садақаға бармай-ақ сауапты іс атқарудың қандай жолдары бар?
-Әр адам өз үйінде отырып, сол адамға құран бағыштап, ұзағырақ дұға оқысын. Тіпті қайтқан кісінің отбасына телефонмен қоңырау шалып, көңіл білдірсе болады. Қазіргі уақытта қажет деп тапса, аударыммен төлем жасауына да мүмкіндік бар. Пайғамбарымыздың өзі қайсібір жерлерде ауру тарап жатса, шықпаңдар, ол жаққа бармаңдар» деген. Сондықтан той-садақаны шектеу керектігін баса айтқым келеді. Ол жерге тек етжақын туысы, бауырлары барса, жетіп жатыр. Отбасына кейін кіріп, бата етсе де болады. Бата ешқашан ескірмейді. Өзекті жанға бір өлім бар. Әрбір жанның өлімі оның кіші қияметі делінеді. Қаза дүниелік мүддені, пенделік пиғылды паш ететін де, тамаққа тояттайтын да жер емес. Әрнені айтып, әңгімеге, ойын-сауыққа,әзіл-күлкіге айналдыратын жайт та емес. Қаза бар, қазалы жандар бар, оларға көңіл айта келген, қазасына қайтқанша шыдамдылық танытып, сақтық шараларын сақтап, тәртіпке бағынуға шақырамын.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА