Ұрпақ тәрбиесінде ананың алатын орны ерекше. Көзі ашық, көкірегі ояу, білім көкжиегі кең анадан ізгі ұрпақ тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты аудандық «Исатай-Махамбет» орталық мешітінде нәзік жандылар арасында «Білімді ана» атты сайысы өткізілген болатын.
Оған орталық мешіттен ілім алып жүрген қыз-келіншектерден құралған «Күзгі жаңбыр» және «Имани гүл» командалары қатысып, бақ сынады. Шымкент медресе колледжінің шәкірті Айқоңыр Нұрмұханбеттің ұйымдастырумен өткен сайыс төрт кезеңнен тұрды. Команда мүшелерінің таныстыруынан кейін «Кім жүйрік?» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар діни сұрақтарға жауап берді. Ал екінші кезеңде қатысушылардың осы уақытқа дейінгі ұстазынан алған білімдері тексерілді. Бұдан соң әр командаға салт-дәстүрге қатысты тапсырмалар берілді. Күллі жаратылысты жаратқан Алланың 99 көркем есімі бар екенін жақсы білеміз.
Сайыстың соңғы кезеңінде Алланың 20 көркем есімін мағынасымен жатқа айтудан аналар осалдық танытпады. Сайыс нәтижесімен жүлделі І орынды «Имани гүл» командасы иеленсе, «Күзгі жаңбыр» командасы «Алғыс хатпен» марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар таратылды.
Қасиетті Рамазан айында Құран Кәрімнен сабақ берумен қатар қызықты да ерекше сайыс ұйымдастырғаны үшін ұстаздары А.Нұрмұханбетке шәкірттері шексіз ризашылықтарын білдірді.
Б.Сапарова