Махамбеттіктер Қадыр түнін құлшылықпен өткізді

Қасиетті Рамазан айындағы теңдессіз сәт – Қадыр түнін махамбеттіктер аудандық мешіттен қарсы алды. Кешкі ауызашар мен тарауих намазынан соң жиналған жұртшылыққа бас имам Ержан Иманғалиев қадыр түнінің қасиеті туралы уағыз оқыды.

-Иә, Қадыр түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» (Ахмад, 10316) деп хабарлайды.Періштелер мүміндерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды. Сайд ибн Мансур келтірген риуаятта: «Бұл түн – бейбітшілік түні. Қадыр түнінде шайтанның адамдарға жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленіп (тағдыр жазылады), рызықтар айырылады» деп хабарланған, – деді бас имам.

k

Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының маманы Сейтжан Құжырбаев та қадыр түніне қатысты білгенімен бөлісті:

-Айлардың ішіндегі ең сұлтаны қасиетті Рамазан айының соңғы он күніне де келіп жеттік. Соның ішінде түндердің сұлтаны Қадыр түнінің қасиеті ерекше. Бұл күні пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) алғаш рет құран аяты түскен. Бұл түннің қасиеті 83 жылдық сауапқа татиды. Еліміздің тыныштығы, отбасымыздың амандығы үшін тілек тілеп қалу үшін бізге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан осы түнді құлшылықпен өткізуіміз керек. Аудан жұртшылығының мешітке көп жиналғаны соншалық, ине шаншар орын жоқ. Қадыр түні бәрімізге мүбәрәк болсын.

Б.Сүйеуова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT