1988 жылдың қыркүйек айы. Ауылымда бала дәрігері боп жұмыс бастаған кезім. Кабинетте отыр едім, есік ашылып, шағын денелі, ширақ жүрісті, ақшыл жүзді ағамыз кіріп келді. Отыра қап, өзін таныстырып, амандық - саулық сұрасып жатыр. Кулагино селосында орналасқан аудандық туберкулез ауруханасының фтизиатр дәрігері Жалғас Еспусинов ағамыз екен.
Медсестра қыздарды шақырып алып, өз науқастарын түгендеп, жұмысын қыздырып жіберді. Арасында мені шақырып алып, науқастарының рентген суреттерін маған көрсетеді. Түстің кезінде үйге алып барып, әке - шешеммен де танысты. Менің әкем екеуіне ортақ тақырып та табылды. Ағамыз мықты домбырашы боп шықты. 1999 жылы Кулагино селосындағы туберкулез ауруханасы аудан орталығы Индер селосына көшірілгенде, ағай туған жері Махамбет ауданына ауысты. 2009 жылдың наурыз айында жұмыс бағытымен мен де Сартоғай селосында орналасқан аудандық туберкулез ауруханасына келдім. Жалғас ағамыз қуана қарсы алды.
-Қайда орналастың?- деп сұрап жатыр.
-Үй жалдайтын шығармын, -деп күмілжіп ем:
-Нешеуа, біздің үйде тұрасың. Үйленбеген ұлым бар, үйдің жанынан жаңа үй сап қойды, сонда екеуің жатасыңдар, тамақты ескі үйден ішесіңдер. Үш еркекке бір кемпір жарайды. Соның қайнатқан шәйін ішесің, асын жейсің. Сонымен, қоныс та табылып, жұмысқа кірісіп кеттім.Жаңа жұмыстың құйтырқысының мол болатыны белгілі, ағамыздың мол тәжірибесі маған азық болды.
Ағай көргені көп, тамаша әңгімешіл, әзілқой адам болатын. Қолымыз боста ұзақ - сонар әңгімеге кететінбіз. Сонда еске сақтау қабілетімен таң қалдыратын.
Жәкең 1942 жылдың тамыз айында Сарайшық ауылында дүниеге келген екен. Кейін онда барғанымызда мына үйде тұрдық деп, ескі Сарайшықтағы бір үйдің төбе боп қалған орнын көрсеткен. Әкесі соғысқа кетіп оралмаған, анасы өмір бойы мал бағып, жалғыз өзі балаларын өсіріп, өндіріп азамат қатарына қосыпты. Ағай ол кісіні үнемі ілтипатпен еске алып отыратын.
Мектептің соңғы жылдарын қаладағы мектеп интернатта оқып, үздік аяқтап, Ақтөбенің медицина институтына түседі. Ол кісі институтты аяқтар жылдары Үкімет туберкулезбен күрес шараларына көңіл бөліп, сол жылғы Ақтөбеден оқу бітірер дәрігерлері түгелімен фтизиатрия саласына интернатураға жолдайды.
«Біз жөргегімізден туберкулезбен алыса туғанбыз», -деп әзілдеп отыратын ағамыз. Институтты үздік аяқтаған соң еңбек жолын алдымен Новобогат ауданын туберкулез ауруханасының бас дәрігерінен бастап, кейін Махамбет, Индер аудандарында жалғастырып, тынымсыз еңбек етті. Ол кісі атақ - дәрежеге, мансапқа қызықпаған жан. “Жіберген жұмысынан бас тартпадым, қолымнан келгенше жасадым. Маған берген халықтың бағасынан жоғары нәрсе жоқ”, -деп отыратын . Сол кезде кеуде қуысын УДЗ аппараты, КТ, ренгенотомография аппараттары болмаса да, мамандығы хирург болмаса да туберкулез науқастарына жасалатын жұлыннан су алу, пневмоперитенеум, жасанды пневмоторакс, өкпе қуысынан су алу тәсілдерін шебер қолданғанын көзіміз көрді және дауыстап қасына шақырып алып, тәпіштеп “біз мәңгілік емеспіз , үйренгенің өзіңе керек” , деп үйретіп отыратын.
Мен де фтизиатрия саласының негізін Жалғас ағамнан үйрендім деп айта аламын және ол үшін алғысым шексіз. КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі, Еңбек ардагері медальдарі, “Махамбет ауданының құрметті азаматы” атанғаны және көптеген марапат қағаздары – ол кісінің орасан зор еңбегінің лайықты бағасы.
Көрген - білгенін, мол тәжірибесін кейіні біздерге үйретуден жалықпайтын. “Мынаны былай жаса, ана істі атқару үшін Сұлуқаш, Күләш апаларыңмен ақылдас. Өйткені, ұжымның дені әйелдер, олардың түсінік- танымы өзгеше болады. Біреуді мақтар алдында да, даттар алдында да, істің байыбына жетіп ал”,дейтін еді.
Медицина, оның ішіндегі фтизиатрия саласындағы жаңалыққа жаны құмар жан еді. Денсаулығының кемдігіне қарамастан, алыс-жақын демей, оқу орындарына білімін жетілдіруге бара беретін.
Өмірден көргені көп, түйгені мол азамат еді. Көрген қиындықтарының өзін әзілін араластыра әңгімелейтін. Қолы ашық, жомарт, дүние-мүлік жимаған адам. Сырқатынан жаны қиналып жатқан науқасты жылы сөзі мен әдемі әзілін араластыра, көңілін тауып, қанаттандырып жіберетін.
«Менің өмірдег і ұстаздарым мықты болды ғой. Алдымен, балаң кезімде көрген қиындығым маған ұстаз болды, содан сабақ ала білдім. Сонымен қатар, білім алған мектептерімде, институтта, білім жетілдіру орындарында кейін жұмысқа кіріскен кездерімде де мықты ұстаздарым болды, мен үшін әрқайсысының орны бөлек», деп ілтипатпен еске алатын.
Ағай 2005 жылы зейнетке шықса да, 2013 жылға дейін қажырлы еңбек етті.
Ол жұмысқа кешігуді жаны сүймейтін. Жұмыстан кешіккендерге әзіл-шыны аралас: «мен жұмысқа кешікпей келемін, сендердікі не?», -дейтін. Осының өзі-ақ үлкен сабақ болатын.
Балаларына деген махаббаты ерекше еді. Әлдеқашан отбасылы, бөлек үй боп кеткендеріне дейін, тіпті немерелеріне дейін түгендеп «кемпір-ай, Таушықтан қызым телефон соқты ма, Атыраудан Нұрланжан хабарласты ма», -деп отыратын. Анамыз Оңай апа екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ұрпақтарының бәрі – жоғары білімді маман иелері, әсіресе музыкант мамандығын игерген Эльмира қызына разы еді. Ұзақ уақыт төсек тартып қалғанда да, осы қызы мен келіні шырылдап, ажалға араша түсе білді.
Артында қалған жарының, ұл - қыздарының , ағайын - туыстарының жүректеріне сабыр тілеймін.
Марат ШУАҚБАЕВ, Атырау қаласы