Махамбет ауданының әкімі Ринат Жанқылыштың төрағалығымен эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиын өткізіп, бірқатар мәселені талқылады. «Вакцинациялау процесін жандандыруға баршамыз атсалысуымыз керек. Себебі, ауданда бұл процесс баяу жүріп жатыр»,- деген аудан әкімі дербес бөлім басшыларының екпе алу бойынша есебін тыңдап, кейбір мекеме қызметкерлерінің вакцинациялауға салғырт қарап отырғандығын айтып, жедел түрде шара қабылдау керектігін ескертті.
Онлайн форматта өткен жиналыстың күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе – «Аудан бойынша вакцина алу мәселесі» бойынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу, эпидемиологиялық жағдай бойынша хабарлама жасап, вакцинация науқаны басталғаннан бері ауданға барлығы 4005 доза вакцина келгендігін жеткізді.
- Вакцинация жасауға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері (бірінші кезекте инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды емдеу бөлімшелерінің, алғашқы медициналық- санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының персоналы, санитарлық- эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері) мұғалімдер, полиция қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлері және аудан тұрғындары барлығы 3851 адам екпе алды. Күні бүгін ауданда 471 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, олардың 347-сі емделіп шықты. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар КВИ бөлімшесінде 70 науқас ем алып жатса, үй жағдайында ауруды анықтау, ауруханаға жатқызу немесе үй жағдайында емдеу үшін құрамында дәрігер, медбике, жүргізушісі бар 5 мобильді топ жұмыс үстінде. Вакцинациялау пунктері жұмыс күндері де, сенбі-жексенбі күндері де демалыссыз жұмыс жасайды,-дейді Б.Дүйсебайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни «Аудандық мониторинг топтың жұмысы туралы» аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Нұрболат Бердіғалиев эпидемиологиялық ахуалға байланысты жиындар барысында берілген тапсырмаға сәйкес демалыс күндері мониторингтік топтың шығуымен рейдтік шаралар жүргізіліп, аудан аумағында тұрғындар тарапынан тойлар мен отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынып, рейдтік бақылау қатаң жүрзгізілуде екенін баяндады. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы С.Қабазова анықталған бұзушылықтар бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қарауына түсіп, бұзушылық фактісі негізінде айыппұлдар салынғандығын айта келіп, «Ashyq» бағдарламасымен кіру туралы түсінік берсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, медицина саласының ардагері Е.Сабыров өз ұсынысын да білдірді.
- «Ashyq» қосымшасы бойынша жұмыстар әлі жалғасуда. Ол қосымшаға қосылу бойынша есеп бізде болмайды. Әрбір кәсіпкерге арнайы сайт арқылы бақылап отыру жүктелген. «Ashyq» қосымшасына сапалы қосылғандығын немесе ақаудың барын анықтау мобильдік топтарға жүкетелген. Егер жоғары атқарушы орган кәсіпкердің қосымшаға қосылғанмен қаулыға сай жұмыс жасамай отырғанын немесе қосымшаға кіруге қатысты құжаттарының бірі жеткіліксіздігін анықтаса, ол кәсіпкерді «Ashyq»-тан бір аптаға шығарып тастауға құқығы бар. Ал жағдай үш рет қайталанатын болса, кәсіпкер бір ай көлемінде «Ashyq»-сыз жұмыс істейді,-дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы С.Үмбетқызы.
Аудан әкімі Р.Жанқылыш мекеме басшыларынан қызметкерлерінің вакцинациялану мәселесіне тоқталып, азаматтардың өздерінің, жақын-туыстарының, ұжымдастырының денсаулығын ойлап, саналы түрде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина алуға шақырды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ