Соңғы кездері созылмалы дертке шалдығып, жылдар бойы дәрігерлердің қадағалауында болатын сырқаттардың қатары азаяр емес. Оның үстіне олардың мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмекке қолы жетпей отырғаны қаншама? Осы бір келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Махамбет аудандық емханасында ақ халаттылар «Заманауи» қоғамдық қорының төрағасы Асман Аманжолұлымен кездесті. Бұл «Sizqe dari-darmek» жобасы аясында жүзеге асты.
Кездесуде қор төрағасы Асман Аманжолұлы тегін дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық препараттардың қолжетімділігі, фармацевтикалық ақпараттық жүйесіне өтінім беру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылатын науқастар арасында мониторинг жүргізу, «Damumed» мобильді қосымшасымен жұмыс жасау мәселелерін сөз етті. Алдымен СК «Фармация» ЖШС туралы да айтып, ол дәрі- дәрмекті уақытылы, сапалы жеткізетінін тілге тиек етті.
СК «Фармация» тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде халықты дәрі-дәрмек заттарымен қамтамасыз ету, тең құқылы серіктестік жағдайында жеке, мемлекеттік секторлардың күш-жігерін біріктіру жолымен Қазақстанда фармацевтикалық саланы дамыту, жәрдемдесу мақсатында 2009 жылы ақпанда құрылған мекеме. Бұл ұйым еліміздегі 2 мыңға жуық емдеу орындарына қызмет етіп келеді. Ұйым міндетіне отандық фармацевтика саласына қолдау көрсету, шетелден қажетті дәрі-дәрмек алу үшін халықаралық ұйымдармен келісімшарт жасасып, тендерлерге қатысу ісі де кіреді. Оның басқа коммерциялық дистрибьютерлерден айырмашылығы - стратегиялық тұрғыдан бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталғандығында. Негізі СК «Фармация» кез келген дәріні сатып ала бермейді. Сатып алынатын дәрі мен медицаналық бұйымдардың тізімі, одан кейін фармацевтикалық қызметтер түрі Үкімет қаулысымен бекітілген. Оны жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігі сараптап, тексеріп отырады. Аймақтағы медициналық мекемелер өзіне қажетті дәрілерге тапсырыс береді. Бұл «Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесі» порталы арқылы жүреді. Мұнда жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Он жыл ішінде СК «Фармация» ЖШС 1 триллион теңгеден астам қаражатқа дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алған. Сатып алу үлесіне отандық зауыттар өнімдеріне басымдық беріледі. Содан кейінгі кезекте Германия, Үндістан елдері тұр екен.
Ел Президенті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлгісі бойынша бірыңғай дистрибьютор базасында медициналық техниканы сатып алуға көшуді тапсырған еді. Соның негізінде СК «Фармация» медициналық жабдықтарды сатып алуға көшу бойынша шаралар қабылдады. Қаржыландыру көздерін айқындай отырып, 2025 жылға дейін медициналық техникалармен жарақтандыру бағдарламасы бекітіліп отыр. Бұл халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер көлемі мен сапасын едәуір арттыруға, денсаулық сақтау ұйымының медициналық техниканы тиімді пайдалана отырып, қызмет көрсетуге шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар емханаларға тегін жеткізілуі тиіс. Бірақ бұған қатысты шағымдар бар. Кейде емхана, ауруханаларда дәрілер бітіп қалып жатады. Кей мекемелер керекті дәрі үшін өтінімді дұрыс бермейді. Сондықтан әр азамат байланыс орталығына (1439) хабарласуына болады. Мамандар әр шағымды жеке қарастырып, оны шешуге тырысады. Әр өңірде компанияның дәрі-дәрмек сақтайтын қоймасы бар. Сол қоймадан сұраныс түскен өңірге лезде дәрілер жіберіліп отырылады. Сирек кездесетін дәрі-дәрмекке арналған қойма республиканың 4 қаласында бар. Олар– Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбеде. СК «Фармация» ЖШС-і веб-сайты арқылы дәрілік заттардың емханадағы мөлшерін көруге болады. Әр науқас дәрі-дәрмектің атауын веб-сайтқа енгізіп, оның қалған-қалмағанын бақылай алады.
Кейбір адамдар дәрігер тағайындаған дәріні дәріханадан таппай жүрмін деп шағымданады. Пациентке дәл соның баламасы болатын дәріні ұсыну қажет. Рас, қымбат дәрілер бар. Тіпті дәріханаға мүлдем келмей тұрған дәрілер де кездеседі. Кейбір пациенттер «ол дәріні маған неге тегін бермейді? Қымбат дәріні қалай аламын?»деп ренішін білдіреді. Кей емханалар дәрі-дәрмек үшін жылдық бюджетке қарайды. Мысалы, 200 мың теңгенің, тіпті 20 млн теңге тұратын дәрілер де бар, - деді А.Аманжолұлы.
Дәріхана меңгерушісі Г.Қуанышева жоқ дәрінің орнына баламасын ұсынсаң, кейбіреулер алмайтынын, сұраныс берген дәрілер де кейде бірнеше айға кешігіп жеткізілетінін, тіпті келмей қалатын кездер де болатынын айтты. Ол психатриялық, сирек кездесетін сырқаттардың дәрілері өте қымбат тұратынын еске алды. Мәселен, жүйке ауруының бір уколы 37 мың тұрса, склероз ауруына қабылдайтын препараттың бір ампуласы 980 мың теңге екен.
Кездесуді қорытындылаған Асман Аманжолұлы бүгінгі қаралған мәселелер алдағы уақытта шешімін табатынын, дәрі-дәрмек тасымалдауды мейірбикелерге жүктеу мәселесі де қаралып жатқанын меңзеді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА