-Алақай, темекі! Кішкене бала анасының қолынан суырылып шығып, жерде жатқан темекінің қалдығын қолына алып, аузына салып, үлкен жігіттерше шиырып тартып тұрған түр көрсетті.
Мұны көрген анасы қатты ашуланып, темекінің тұқылын баланың қолынан жұлып алып, лақтырып жіберді.
-Темекі тарту жақсы әдет емес, денсаулыққа зиян, оның үстіне жерде жатқан біреудің тартып тастап кеткен қалдығын ауызға салуға болмайды, балам. Енді олай жасама, жарай ма!
-Темекі тарту зиян болса, әкем неге тартып жүр? Көрші Болаттың мамасының да балконда тартып тұрғанын көргенмін, – деген періште бүлдіршін анасына сұраулы жүзбен қарады. Анасы үнсіз қалды.
Бала – отбасының айнасы
Расында да, әкесі немесе анасының, туған-туыстарының, көршілерінің, ата-анасының достарының темекінің түтінін будақтатып тартып тұрғанын көріп өсіп келе жатқан ұрпаққа,темекі тартуға болмайтынын, оның зияны шаш етектен екенін айтып түсіндіру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Баланың ең бірінші еліктейтін адамы өзінің ата-анасы. Ұл әкесіне қарап ой түзесе, қыз анасына қарап бой түзейді. Әсіресе, ұлдар ержеткенде әкесі сияқты күшті болғысы келеді. Ержетудің бірден-бір белгісі шылым шеге білу деген түсінік кішкене күнінен қалыптасады. Көрінген ұрпағының тәрбиелі, иманды, білімді, дені сау болып өскенін қалаған әр ата-ана өздері зиянды әдеттерден аулақ болуы керек.
Сұрап алған аурудың емі жоқ
Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенер болсақ, әлемде жылына шамамен 6 миллион адам темекіден қаза табады екен. Соның 5 миллионы тұрақты түрде темекі тартқаннан қайтыс болып жатса, қалған 1 миллионға жуығы темекі тартпай, бірақ темекі шегушілердің арасында көп уақыт жүріп, темекі түтінінен уланғандар есебіне жатады. Дәрігерлердің айтуынша, ішімдікке, нашақорлыққа тәуелділік сияқты темекі де өзіне адамды тәуелді етеді. Темекі түтіні адам организмі үшін зиянды және никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне душар ететін әртүрлі радиобелсенді улы заттардан тұрады. Соның ішіндегі ең улысы – никотин. Темекі тартатын адамда никотиннің ықпалынан асқазан қышқылдығы төмендейді. Қан қысымы артады. Орталық жүйке жүйесі мен жүректің қызметі бұзылады. Елу жасқа дейін темекі тартатын әйелдерде миокард инфаркті темекі тартпайтындарға қарағанда 20-есеге жиірек кездеседі екен. Бронхитпен аурушылардың 75 пайызы темекі тартушылар болып табылады.Темекі ішкі мүшелер қызметін бұзып, ауруға душар етумен қатар, адамның сыртқы келбетін де бұзады. Жастайынан шылымға үйренген жастар ұмытшақ келеді. Оқу үлгерімі нашарлайды, тіпті ақыл-ойы кемиді. Темекі шегу тұрмыс құрған болашақ аналарға да өте зиян. Олардың шеккен әрбір тал темекісі бойындағы нәрестенің денесіне сіңетін улы заттардың мөлшерін 10 пайызға көбейтіп, нәрестеге қажетті оттегінің мөлшерін 10 пайызға кемітетін көрінеді.
Отбасылық бюджет кемиді
Осындай жантүршігерлік мәліметтердің растығына, темекі қораптарының сыртындағы адам шошытарлық ескертпе суреттердің тұрғанына қарамастан темекі бизнесі өрлеген үстіне өрлеп келеді. Өзіміз күнделікті бас сұғатын дүкенге кіріп, сатушыдан темекінің бағасын сұрап көрдік. Ең қымбат "Парламент" секілді темекілер 460 теңге, ал одан арзандары 360 теңге тұрады. Ауыл тұрғындары арасында «Күніне неше қорап темекі тартасыз?» деген сауал тастап көргенімізде, кейбіреулері күніне 1 қорап, қалғандары 2 немесе 3 қорапты қалай тауысып қойғандарын байқамай қалатындарын жеткізді. Ер адамдардың көпшілігі жұмыс барысында жүйкесі көтерілген кезде өзін-өзі тыныштандыру үшін тартатынын, бұған қоса жігіттер болып бас қосып, сыра ішкен кезде әңгіме жүру үшін үсті-үстіне еселеніп кететінін мойындады. Ал шылым шегуге құмар нәзік жандылар жас кезде қызығушылықпен бастап, енді қоя алмай жүргендерін ашық айтты. Темекі адам денсаулығына зияндылығымен қатар отбасылық бюджетке де кері әсерін тигізеді. 460 теңгенің темекісінен күнге бір қораптан тартатындар айына 14260 теңге, жылына 167 900 теңге жұмсайды екен. Ал, күніне 2 қорапты жоқ қылатындар айына 28 520 теңге, жылына 335 800 теңгені темекі бизнесімен айналысушыларды байытуға арнайды. Бұл әрине, маңдай термен тапқан еңбекақыны желге шашу деген сөз.
Сіз не дейсіз?
Аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Бақтылы Үмбетова темекі тартудың күннен-күнге жасарып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
-Біздің балаларымыз үлгі алатын ұстаздар мен дәрігерлердің арасында да темекі тартуға әуес жандар көптеп кездеседі. Ата-аналар балаларына темекіден аулақ болғанын қалайтынын айтады, алайда өздерінің іс-әрекеті айтқан ақылымен сәйкес келмейді. Өздері баланың алдында темекі тартып тұра береді. Сонымен қатар темекі жарнамаларының рөлі жастарды темекіге әуестендіруге әсер етеді. Шынында да ойланып қарасақ, адамдардың көпшілігі темекіні жас кезінде қызығып тартады екен, яғни жасөспірім кезі мен бозбала кезінде ересектеу көріну үшін тартады. Кейде адамдар қандай темекі тартып тұрғанына, күніне қаншалықты дана темекі тартатынына мән бермейді. Оларға ең бастысы, түтін шығарып темекі тарту үрдісінің өзі қызық сияқты. Біздің салауатты өмір салтын ұстану орталығы қызметкерлері мектептерге барып, жасөспірімдер арасында темекінің, арақтың адам денсаулығына зияны туралы лекциялар оқып тұрады. Түрлі акциялар өткізеді. Үлкендер арасында да түсінік жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз. Өзінің, балаларының денсаулығына алаңдаған әр адам зиянды әдеттен өз еркімен бас тартуы керек.
Түйін: Бір жылдары халықаралық денсаулық сақтау ұйымы “Темекі бұйымдарына салықты көтеру қажет!” ұранымен акция өткізген болатын. Мамандардың болжамынша, темекі бизнесіне қатысты салықты үш есеге және бағасын екі есе көтерсе, онда темекіні тұтыну мен тарату 40 пайызға дейін азаятын көрінеді. 2013 жылы темекі бұйымдарының салығын 40 пайызға дейін көтерген Филиппин елі үкіметке 1,6 миллиард доллар пайда түсірген. Сол ақша денсаулық сақтау саласына жұмсалып, 14,7 миллион кедей азаматтар сауықтырылған. Оның үстіне темекі шегушілер саны да әлдеқайда азайыпты. Біздің елге де осындай тәжірибе артық етпейтін секілді.
Баян СҮЙЕУОВА.