Шақалақ неге шетінейді?

Отбасын құрған екі жастың басты арманы — балалы болу. Немерені атасы мен әжесі де асыға күтеді. Өмірге келетін сәбидің аман-есен, дені сау болып туылуын барлығы бір кісідей Алладан тілейді. Алайда, соңғы жылдары дүние есігін ашпай жатып, өмірімен қош айтысатын нәрестелер көбейіп барады. Бұған қоса кемтар болып туылатын балалардың саны жылдан-жылға артуда. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғам мүгедек балалармен толығып келеді. Өткен жылы аядай ауданымыздың өзінде 7 сәби шетінеген. Мұның себебі неде?

 Мүгедек балалар көбейіп барады

Соңғы жылдары елімізде балалардың кемтар болып дүниеге келуі жиілеп барады. Жыл өткен сайын саны еселеп артып келе жатқаны қоғамды алаңдатуда. Дәрігер дегеннің не екенін білмеген сонау ерте заманда аналарымыз құрыққа асылып тұрып-ақ өмірге аяқ-қолы балғадай ұрпақ әкелді емес пе? Ендеше, қазіргідей медициналық озық технологиялардың қаптап тұрған заманында аналардың өмірге дені сау сәби әкеле алмауының себебі неде? Ресми статистикалық деректер еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар санының жоғары қарқынмен артып келе жатқанын көрсетеді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектер бойынша маманы Гүлбағила Үмбетованың айтуынша ауданымызда да бұл көрсеткіш көңіл қуантарлықтай емес көрінеді. Ауданымызда дүние есігін жарымжан болып ашқан 166 бала бар. Бұлардың көпшілігі ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған сәбилер. Балаларының денсаулығын түзей алмай өмір бойы кемтар баласын күтумен күні өткен ата-аналардың қасіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін болмас.

- Осы 166 баланың тек 41-іне ғана мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы арқылы қол ұшын созып келеміз. Күнделікті өмірде қажетті заттарын, атап айтқанда гигиеналық жөргектерін, сіңіргіш жаймаларын, жүріп-тұру құралдарын алып береміз. Әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып, арнаулы қызмет көрсетеді. 22 баланы үйден оқытып отырмыз. Мүгедек балалар санының жылдан-жылға артып келе жатқаны әрине, ойланарлық мәселе. Барлық баланы бірдей көмекпен қамту мүмкін емес. Алдағы уақытта кемтар балаларға арналған күндізгі стационар ашу жоспарлануда. Ол жерге негізінен психикалық ауытқушылығы бар балалар қабылданады. Біз дәрігерлер, ата-аналар бар, жалпы қоғам болып аналардың өмірге дені сау бала әкелуін қалай қамтамасыз етеміз деген сауалға жауап іздеуіміз керек, – дейді Г.Үмбетова.

Әке де, ана да тексерілуге тиісті

Аналардың өмірге дені сау бала әкелуін қалай қамтамасыз етеміз? Бұл сауалға аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ерлан Сүйеуғалиев былай дейді:

- Отан — отбасынан басталады десек, өмірге келетін әр сәбидің денінің саулығына ең алдымен оның ата-анасы, қала берді ата-әжесі, ағайын-тума барлығы жауапты. Өйткені, дүние есігін ашқалы отырған сәби сол әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Сондықтан сол сәбиді өмірге әкелетін ананың денсаулығына барлығы да жауапкершілікпен қарауы керек. Дамыған елдерде ер мен әйел ең алдымен отбасын құруды жоспарлайды. Отау көтерместен 5-6 ай бұрын екеуі де дәрігерлік тексеруден өтеді. Денсаулықтарында ақау болса емделеді. Содан соң ғана жүктілікті жоспарлайды. Соңғы кезде ауданымызда кемтар балалардың өмірге көптеп келуі және сәбилердің шетінеп кетуінің ең басты себебі де осы жүктілікті жоспарламағаннан болып отыр.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігер мен ата-ана бірлесіп, жұмыс жасауы керек. Қыз бала – болашақ ана. Сондықтан оның денсаулығы жастайынан бастап қадағаланауы керек. Жылы киіну, суық судан аулақ болу, аяқ-қолды жылы ұстау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жеке гигиенасына көңіл бөлу сынды алғышарттар болашақ ананың денсаулығына міндетті түрде оң ықпалын тигізеді. Сол сияқты ер бала да болашақ әке. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін ер азаматта денсаулығын күтінгені дұрыс.

Әйелдер жүктілікке дайындалып, алдын ала жыныстық жұқпалы және басқа аурулардың бар-жоғына тексерілуі керек. Әдетте ерлі-зайыптылар генетикалық патологиясы бар сәбиді дүниеге келтірмес үшін генетика маманына бірге барғаны жөн. Алайда біздің ер-азаматтар, дәрігерлік тексерілуден ат-тонын ала қашады. «Менің денсаулығымда ешқандай кінәрат жоқ. Мен не деп тексерістен өтемін» деген жаңсақ пікір бар.

Дәрігердің ең басты міндеті алдымен ата-ананы жүктілікке дайындау. Сырқаты болса, емдеуге міндетті. Әйелдің бойындағы кез келген ауру іштегі нәрестеге әсер етеді. Тіпті тістегі кариестің өзі үлкен зиянын тигізуі мүмкін. Тұқым қуалаушылықты тексерудің де маңызы өте зор. Жүктіліктен 3 ай бұрын екеуі де фолий қышқылын қабылдауы керек. Осындай жан-жақты дайындықтан өткен соң ғана әйел анаға жүкті болуға болады.

Жүктілік басталған соң әйелдің денсаулығын дәрігер бақылауға алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл кезеңде оның күйеуі мен басқа да отбасы мүшелері, жалпақ тілмен айтқанда алақанда аялап ұстауға тиіс. Дұрыс тамақтану, көп шаршамау, таза ауада демалудың, көңіл-күйінің үнемі көтеріңкі болуының жүкті анаға тигізер пайдасы зор.

Жүктіліктің 12-ші аптасында іштегі сәбиді УЗИ-ге түсіріп, генетикалық тексерістер жасау басталады. Өкінішке орай, жүкті аналар мұндай тексерілулерге уақытында келмейді. Қолының бос еместігін сылтауратады.УЗИ-ге кешігіп түскеннің де зияны шаш-етектен. УЗИ-ге түскен соң, мәселен, іштегі баладан Дауна синдромы анықталды делік. Мұндай жағдайда анаға жүктілікті үзуге кеңес беріледі. Бірақ көптеген әйелдер жүктілікті үзуден бас тартып, баланы қалайда өмірге әкелетінін айтады.

«Бұған дейін үш баламды аман-есен өмірге әкелдім, төртінші баламның мүгедек болуы мүмкін емес» деген сөзді алға тартады. Түсіндіру жұмысын жүргізу үшін үйіне бірнеше рет іздеп барған дәрігерге ауыр сөздер айтады. Қолхатын еш қиналмастан жазып береді. Кейін айы-күні жеткенде жарымжан баланы өмірге әкеледі. Содан соң өмірінің соңына дейін азабын тартып өтеді.

Сырқаты бар аналарға бала көтеруге болмайтыны туралы айтамыз. Ол сырқат ананың жанына батып ауыртпағанымен, инфекциясы бар. Мұндай жағдайда жүкті болудың соңы ананың да, баланың да өміріне қауіп төндіреді. Десек те дәрігердің сөзіне сенбейтін, кеңесіне құлақ аспайтын аналар көп.

Тағы бір айта кетерлігі, жас қыздардың ерте тұрмыс құрып, жүкті болуы да жиі кездесіп отырған жайт. 15 жастағы қыз баланың ағзасы, әрине, ана болуға дайын емес. Оның өзі әлі бала ғой. Бұл да ойлануға тұрарлық мәселе. Қалыптасып қалған қазақы менталитетті бұза алмау, әкелердің әйелімен бірге тексерілуге келмеуі, жүкті аналардың өз денсаулығына салғырт қарауының салдарынан біздің қоғам жыл өткен сайын мүгедек балалармен толығып келеді. Бұл өте өзекті мәселе. Мұның алдын алудың жалғыз ғана жолы жүктілікті жоспарлау болып табылады, – дейді ЕрланБердіғалиұлы.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ, аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы:

- Шариғатта жүктілікті жоспарлау туралы айтылмаған. Керісінше пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.а өзінің хадисінде «Үйленіңдер, көбейіңдер. Ертең мен басқа пайғамбарлардың алдында өзімнің үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деп, үйленген жас жұбайларға өмірге перзент әкелу парыз екенін айтып кеткен. Бас қосқаннан кейін «бізге әзір бала керек емес» деп бірнеше жыл бойына жүрулеріне болмайтынын айтқан. Алайда ислам дінінде сәбилі болғысы келетін ер мен әйел өздерінің денсаулығын күтуі қажеттігі де ескертілген. Болашақ балаларының дені сау болып өсуі үшін, ата-анасы өз денсаулықтарына жете мән беріп, дәрі-дәрмек, дәрумендерін ішіп жүруі керек. Алла Тағала біреулерге ұл береді, біреулерге қыз береді, біреулерге екеуден береді. Қаласа бедеу қылып мүлде бала бермей қояды. Сондықтан мұның барлығы Алланың қалауы деп түсінуіміз керек.Сәбилердің шетінеуі мен мүгедек балалардың көбеюі де Алланың олардың ата-анасына берген сынағы болуы да мүмкін. Алла баршамызға дені сау, салиқалы ұрпақ нәсіп етсін!

Айгерім ҚҰРМАНБЕРЛИЕВА, Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығы басшысы:

- Қазіргі заманда бала шетінеуі мен мүгедек балалардың көбеюі экологиялық, әлеуметтік жағдайларға байланысты деп білемін. Себебі, экология бұрыннан күрмеуі терең мәселелердің қатарында. Оның үстіне, мұнайлы өлкеде тұрғандықтан тұрғындарға келетін қауіп көзге көрінбей де білініп жатыр. Дегенмен, тұрғындар табиғи өнімдерді пайдалануды күн тәртібіне алу керек. Әсіресе, жас отбасылардың жүктілікті жан – жақты жоспарлауы маңызды рөл атқарады. Ана дені сау баланы дүниеге әкелгісі келсе, баланың денсаулығы жақсы болуы үшін өзінің жағдайын ойлауы керек. Осы жерде ұлттық сана мәселесі қозғалады. Ақылмен саралап, жүйелейтін іске жатқызылады. Одан кейін дәрігерлердің жауапкершілігі мен сақтығы назарда болуы керек. Ананың денсаулығына қатысты жағдаяттарды отбасыға ескертіп, шынайылықпен жұмыс жасалыну керек деп түсінемін. «Жастарға –кеңес» атты Жастар ресурстық орталығының арнайы кеңес беру жұмысы бар. Кеңес берудің ішінде орталық аурухана жанынан құрылған «Шуақ» жастар денсаулық орталығымен атқарылатын іс –шара да бар. Мұнда гинеколог, психолог мамандар тарапынан аудан жастарына денсаулық сақтау саласы бойыша толыққанды мәлімет ұсынылады. Арнайы жадынама, кітапшалар тарату акциялары жүзеге асырылады. Әр сәрсенбі күні «Шуақ» жастар денсаулық орталығы мамандары емханаға келген тұрғындарға, оның ішінде жастарға жоғарыда айтылған мәселе басқа бағыттарда ашық есік күнін өткізеді. Жастар орталығының, орталық емхананың әлеуметтік желілерінде жас отбасыларға қатысты түрлі бейнероликтер таратылады. Арнайы мамандармен тренингтер жүргізіледі. Алдағы уақытта да осы шаралар ауқымды әрі жүйелі, тиісті мекемелермен бірлескен түрде жастардың қолдауымен ұйымдастырылатын болады.

ТҮЙІН

Ауданымызда бір жылдың ішінде 7 сәбидің шетінеуі мен мүгедек балалар санының 162-ден 166-ға артуы бей-жай қарайтын нәрсе емес. Дені сау сәби сүйгісі келетін әр ата-ана алдымен дәрігерлік тексерілуден өтуден қашпауы керек. «Ауруын жасырған өледі» деп ата-бабаларымыз айтып кеткендей, болашақ әке мен ана сәбиінің алдындағы жауапкершілігін жете сезінбейінше, сана-сезімін өзгертпейінше бұл дерттің алдын алу еш нәтиже бермесі анық. Белоруссияда жоғарғы сынып оқушыларын адамдар катастрофасының мұражайына алып барады екен. Ол жерде даму кеңістігі мен генетикалық ауытқушылықтары бар спирттелген шараналар қойылған. Жасөспірімдер ойланбай істеген әрекеттің неге апарып соғарын көздерімен көреді. Оларға сағаттап дәріс оқысаң да қабылдай алмайды. Ал көзбен көргенді ешқашан ұмытпайды. Көршілес Өзбекстан елі дамыған елдердегі секілді отбасын жоспарламастан бұрын екі жастың денсаулығын тексертуін заңды түрде міндеттеуді қолға алуда. Бізге де дәрігерлік тексерістен өтпей, отбасын жоспарламауды міндеттейтін заң жобасы керек секілді. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521