Сарайшық ауылдық округінде де адам жанының арашасы-медицина қызметкерлері күні ерекше атап өтілді.
Оны Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ұйымдастырды. Орталықтың «Медицина кәсібі-адамгершілік асылы» атты кешкі сазды бағдарламасына облыстық басқарма, қалалық орталықтар басшылары, мейірбикелер, қызмет алушылар, ауыл тұрғындары қатысты. Мұнда әр аптаның соңғы күндері округке қарасты мекеме-ұйымдар түрлі тақырыпта кешкі саздық бағдарламаларын ұсынатын болып шықты. Бүгін №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының кезегі екен. Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жанындағы алаңқайға халық көп жиналыпты.
Кешті №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Г. Зинеденова ашып, мұнда 310 қызмет алушы, 6 дәрігер, 22 медбике барын тілге тиек етіп, баршаны дәрігерлер күнімен құттықтады. Бір топ бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған алды 39, соңы 25, 19 жыл жұмыс істеген бір топ мейірбикелерді «Алғыс хатпен» марапаттады. Осы орталықта ұзақ жылдар бас дәрігер болған, бүгінде арамызда жоқ Бақтыгерей ағамыздың жұбайы Даметкен анамыз да сый-құрметтен тыс қалмады. Одан әрі өнерпаздар О.Қабдрахманова мен М.Құспанғалиева халық әні «Әриайдай» әнін тамылжыта шырқаса, Е.Шамшиден халық күйлерін күмбірлетті. Жергілікті сазгер А.Есенғалиев, С.Құлмағамбетовтің «Сарайшық-тұңғыш астанам» әнін трио шырқағанда, қол соқпаған жан қалмады. Е.Ғафуров «Туған жерім тамаша», қыздар ансамблі «Ақ халатты абзал жандар» әндерін орындауымен есте қалды. Шәмшінің «Дүнген қызы», «Сырғамның сыңары» әндері де жүректерге жылылық сыйлады. Сондай-ақ «Әсем-ай» тобының бишілері қазақ, өзбек билерін дөңгелене биледі.
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы С.Хамидоллаұлы да әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, толайым табыстар тіледі. Бұл мекемеде Сарайшық ауылының да тұрғындары жұмыс істеп жатқанын, қиын жұмысты алып жүрген аналар қауымына ризашылығын білдіріп, облыстық басқарма атынан бір топ дәрігерлер қауымын «Алғыс хатпен», облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапаттауға көшті. Оның ішінде ауданымыздың дәрігер-гинекологі Г.Дощанова облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталғанын айта кеткен жөн. Орталықтың қызмет алушысы Д.Саламат «Мөлдірім» әнін шырқаса, Н.Асрепова «Мен сені сүйем, өмір!» әнімен тамсантты. Мұнда өмірдің соқпағы мен қиындықтарына мойымай келе жатқан, қоғамға барынша атсалысып жүрген жандар көп. «Ана» әнін Қ.Жолмағанбетовтің орындауында тыңдадық. Сонымен қатар Т.Мелюхинаның «Ветер с моря дул», М.Құспанғалиеваның «Ал құрбым» әндері де тыңдармандар көңілінен шықты. Орталық жастарының «Жедел жәрдем» көрінісі де көпке ой салды.
№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Ж.Сағиев мұңайған жандарға жылылық сыйлап жүрген барша қызметкерлерді төл мерекемен құттықтады. Әрі өз мекемесі атынан ескерткіш сыйлығын ұсынды. Көрермен қауымға Ж.Жұмабаев «Медбике қыз» әнін ұсынса, орталық жастарының «Қыз қуу» пародиясы да әсерлі шықты. Қызмет алушы С.Верушкинаның «Аспанға қараймын» әнін қазақша шырқағанын айтсаңшы. Сарайшық ауылдық округінің әкімі Н.Жеңісбайұлы шараны қорытындылап, дәрігерлер қауымын тағы бір мәрте мерекемен құттықтап, ауыл тұрғындарына көңілді кеш сыйлаған №1 орталыққа ризашылығын білдірді. Орталық қызмет алушыларының флеш-мобымен кеш те мәресіне жетті.
А.Қуанышқалиева
Сарайшық ауылы