Ұрпақ саулығы үшін қызмет етуде

Махамбет ауылында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жанынан жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығы ашылғанын бірі білсе, бірі білмес.

Аудандық орталық емхана ғимаратының бірінші қатарында орналасқан орталықта жүйке жүйесі-неврологиялық ауытқуы бар және тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік, медициналық, педагогикалық, емдеу-денешынықтыру нұсқаушысы (ЛФК) мамандары қызмет көрсетеді. Орталық басшысы Г.Нұрқиеваның айтуынша, алдағы уақытта логопед және психолог сынды мамандардың қызметтерін де қосу жоспарланып отыр.

- Жалпы аудан бойынша 156 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Алайда, оның барлығы бірдей тірек-қимыл аппараты бұзылған немесе жүйке-неврологиялық ауытқуға ұшыраған балалар емес. Қазіргі таңда орталықта 9 бала қызмет алуда. Негізінен орталық жартылай стационарлық үлгіде аптасына бес күн, күніне 4 сағаттан балаларды қабылдайды. Кабинеттеріміз «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының демеушілігімен медициналық оңалтуға, дамытуға арналған құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар, монтессори, сенсорлық, дене жаттығуларын жасау, педагогикалық жұмыстарға арналған, релаксация, ойын кабинеттері жұмыс істейді. Арнайы жасақталған кабинеттер балалардың ақыл-ой мүмкіндіктерін, қабілеттерін, тұрмыстық икемділікке қалыптасуға, ортаға үйренісуін, ұсақ моторикасын дамытуға бағытталған, - дейді Г.Нұрқиева, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығынан қызметтер алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясынан жеке оңалту бағдарламасында күндізгі жартылай стационарлық орталыққа ұсыным болуы қажет. Орталыққа жолдама «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына құжаттар тапсыру арқылы рәсімделеді. Орталық қызметіне жүгінуші ата-ананың бірі – Әлия Атаулина. Ол 11 жасар қызын осында сәуір айынан бастап әкеліп жүргенін айтады.

– Біз аудан орталығында тұрамыз. Қызымның тілінде ақауы бар болғандықтан дәрігерлердің нұсқауымен осы орталыққа келдік. Аптаның бес күнінде төрт сағат бойы арнайы мамандар қызыммен жұмыс жасайды. Бүгінде Аллаға шүкір, өз-өзіне қызмет етуді, өздігінен жуынуға, киінуге үйреніп келеді. Бастапқы екі-үш айда осындай нәтижеге жетсек, әрі қарай сөздерді айтуда да үйренеміз деген ойдамын. Ата-аналарға сәл ғана ілгерілеушіліктің өзі үлкен күш береді. Орталық мамандарына тек ризашылығымызды білдіреміз.

 

_

Осы тұста көп ата-аналардың ойда жүрген ұсынысы күніне төрт сағат емес, азаннан кешке дейін етіп уақытын ұзартса жақсы болар еді. Себебі, кейбір ата-аналар баласына қарайтын адам жоқтықтан үйде жұмыссыз отыруға мәжбүр, – дейді ол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, олардың еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарауына жағдай туғызып отырған бұл орталық мамандарының қызметі шынында да мақтауға тұрарлық. Ұрпақ саулығы үшін атқарып жатқан еңбектеріңіздің тек жемісін көріңіздер.

Б.Сапарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT