Назиха Наубаева: «Қорқыныш және сенімсіздік»

Елде төтенше жағдай режимі жарияланып, коронавирус дерті ауданымызда тіркелген күннен бастап дәрігерлердің қауырт жұмысы одан бетер күшейе түскен еді. Антына адал дәрігерлер басын қатерге тігіп,қауіпті ортада өз міндеттерін мінсіз атқарып шықты. Тіпті, өзгенің өміріне араша түсем деп жұқпалы инфекцияға шалдыққан медицина қызметкерлері де болғаны рас.

Қиын уақытта демеу берген Мемлекет басшысы дәрігерлерге қосымша үстемеақы төлеу туралы тапсырма берді. Бұл да үлкен көмек еді. Күндіз-түні науқастарға ем жүргізіп, тынымсыз еңбек еткен, ерен ерлік көрсеткен аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің инфекционист-дәрігері Назиха Наубаева коронавирусқа қарсы күрестегі тынымсыз жұмыс жайында айтып берді.

ҚОРҚЫНЫШ ЖӘНЕ СЕНІМСІЗДІК

Назиха Көбенқызының денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатқанына 30 жылға жуықтаса, инфекционист болып жұмыс жасап жүргеніне биыл үшінші жыл екен. Кейіпкеріміз коронавирус туралы әңгіме тарап, ел ішінде түрлі пікірлер туындап жатқан кезде қорқыныш болғандығын, дәл бұлай ушығып кететіндігіне сенбегенін жасырмайды. Тіпті ауданда алғаш індетті жұқтырған адамның анықталғанын естіген жұрт «өтірік ақпарат», «мүмкін емес, бұл – саясат» деген сияқты түрлі жел сөздер таратып жүрді. Осындай түрлі жалған ақпараттар таратып, ақ халаттылардың өзін екіойлы қылған кезде дәрігерлерге тезірек естерін жиып, аурумен күресуге бел шеше кірісуге мәжбүр етті. Қорғаныш киімдерімен толықтай қамтамасыз етілген олар аянып қалмады.

- Аурумен күресу дәрігерге де, науқасқа да оңай емес. Коронавирус инфекциясының клиникалық белгілері тұмау және суық тиюдің симптомдарына ұқсас келеді. Сондықтан арнайы анализсіз коронавирусты диагностикалау қиын. Диагнозы ертерек анықталса, дәрігердің кеңесіне құлақ асып, уақытылы ем қабылдаса, індеттің де беті қайтады. Халық арасында әртүрлі қауесеттер тарап, сенбеушілік болды. Шынайы ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат көздерінен айтылған жайттарға да мән бермеді. Ақырында, әрбір адамның әйтеуір бір танысы осы ауруды жұқтырып, ауруханада ем алып жатқандығын білгеннен кейін ғана сақтық шараларына мән бере бастады. Тұрғындардың біраз бөлігі қорыққандарынан ауруханаға жатудан, ем алудан бас тартып, үй жағдайында ем-шараларын қабылдады, -дейді тәжірибелі дәрігер.

«ҮЙ КӨРМЕЙ КЕТТІК»

Наурыз, сәуір айларында індет дендеп ене бастаған мезгілде Назиха Наубаева бөлімшеге коронавирусқа күдікпен науқастарды қабылдап, ол науқастардың толық сауығып кетуіне жұмыстанған. Дәрігердің өзі карантиндік режимде қалып, орта және кіші буын қызметкерлерімен бірге екі-үш тәулік бойы үй көрмеген күндерінің болғандығын, тіпті өзі де науқаспен жақын байланыста болғаннан кейін, карантинге жатқандығын айтады.

- Жұмыс барысында қорғаныш киімдерін киіп, сақтық шараларын сақтай жүріп, үйімізге барып-келіп жұмыс жасадық. Кейде тәулік бойы үйде болмайтын кездер болды. Жолдасым, балаларым жұмысыма түсіністікпен қарап, бар жағдайды жасауға тырысты. Індет жұқтырған науқаспен жақын байланыс болғандықтан, 14 күн үйде карантиндік режимде болдым. Аудан бойынша елді мекендерде коронавирусқа күдікті науқас болған уақытта клиникалық симптомдары жоқ, бірақ зертханалық әдіспен инфекция анықталған кездерде науқастарды үйден қарап, кеңестерімізді беріп, хал-жағдайларын білдік. Күндіз-түні науқастың отбасы мүшелерімен сөйлесіп, кеңес беріп, үйде оқшаулану ережесі түсіндірілді. Орта буын қызметкері отбасы мүшелерінен анализ алып, оларға індеттің қаншалықты қауіпті екендігін түсіндіріп, одан қорғанудың қарапайым әдіс-тәсілдерін айтып жеткізді. Күнделікті өткізіліп отырған семинар-сабақтар арқылы білімімізді толықтырып, науқастарға ем тағайындап, олардың сауығып кетуіне көмектесу жолында жұмыс атқардық,- дейді Н.Көбенқызы.

2020 жылдың мамыр айында Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысын басшылыққа ала отырып,аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі «таза» және «лас» аймаққа бөлініп, коронавирус жұқпасына күдік туғызылған, яғни қызулап, жөтеліп, бірнеше күн үйде ауырған науқастар провизорлық бөлімшеде емделген. «Лас» аймақтағы медицина қызметкерлері қорғаныш киіммен жұмыс жасап, науқастарды емдеуде бар білімі мен білігін арнады. Егер анализ «оң» нәтиже көрсетсе, «коронавирусты жұқпа» диагнозы қойылып, облыстық №2 ауруханаға науқас емделуге жіберіліп отырыпты.

ШІЛДЕДЕ КҮРТ КӨБЕЙДІ

Маусым айының ортасынан шілде айының аяғына дейін ауру белгілері бар науқастар көптеп тіркеліп жатты. Олар алдымен қабылдау бөлімінде дәрігерге жағдайы бағаланып, зертханалық тексеруден өткізіліп,кеуде рентгеніне түсіріліп, жағдайы орташа және ауыр халдегі науқастар ауруханаға жатқызылды. Әсіресе шілде айының бастапқы күндерінде аурулар саны күрт көбейген.

- Қабылдау бөлімінде тәулігіне жедел жәрдеммен немесе өздігінен келіп қаралған науқастардың саны 35-40-қа дейін жетті. Олардың ішінде мобильді топ мамандарының көмегімен үйде қаралып, есепке алынғандарды қоспағанда қабылдау бөліміне келген науқастардың саны өте көп болды.Науқастардың бәріне орын тауып беруге жұмыстандық. Қырық кереуеттік провизорлық орталық ашылып, аурухананың хирургия, терапия, балалар бөлімшесі түгелдей провизорлық бөлімшеге оңтайланды. Бір кереуеттік палаталарға қосымша кереуеттер орналастырып, түскен науқастарды жатқыздық. Бастапқыда оттегі аппараты жетіспеушілігі сезіліп, әр бөлімшеге Бобров аппараты мен оттегі баллонын тасып, науқастарға ылғалды ауа берілді , - дейді Н.Наубаева.

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУ МАҢЫЗДЫ

Аурухана бойынша төрт дәрігер тәуліктік кезекшілікке тұрып, бірнеше медбике қабылдау бөлімінде үлкен төзімділікпен, ынтамен, науқасқа деген жанашырлықпен еңбектенді. Бұл жерде кіші буын қызметкерлері мен тазалықшылардың еңбегін айта кеткен жөн болар.

- Әр науқастың өміріне жауапты болып, дертпен күресу кезінде үрей,қорқыныш сезімдерін ұмытып, сырқаттанған адамға көмектесу қызметтік ғана емес, азаматтық парыз және науқасты ауруынан айықтыру біздің басты міндетіміз екендігін әркез жадымызда ұстаймыз. Провизорлық бөлімшеде және алғашқы медициналық қызмет көрсетуде жұмыс жасаған медицина қызметкерлеріне үстемеақы осы кезге дейін төленіп келді. Әлі де төленуде,- дейді инфекционист-дәрігер.

Бүкіл әлемді жаулаған аты жаман індеттен сақтану керектігін халық түсіне бастағандай. Әр адам көпшілік жерге бармай, карантиндік шектеулерге бағынып, маскалық режимін сақтап, жақындарына жанашыр болып жүр. Осы саланың маманы Назиха Көбенқызы тұрғындарға бетперде, антисептик пайдаланып, әлеуметтік арақашықтықты ескеріп, қарапайым ережелерді сақтану керектігін ескертеді. Коронавирустың ең тиімді профилактикасы - салауатты өмір салтын ұстану.

Аудандық аурухана басшылығының мәліметінше,соңғы екі айда аудан бойынша ахуал тұрақталған, дегенмен әлемді жаулаған коронавирустың екінші толқыны соғады деген ақпарат тарауда. Бұрын атын естіп көрмеген індет медицина қызметкерлері үшін де оңайға соқпағанға ұқсайды. Дәрі тапшылығы да, оттегі аппаратының да жеткіліксіздігі анық сезіліп,әбден әбігерге салған-ды. Ал қазір екі айға жететін дәрі қоры да, қажетті аппараттар да бар ауруханамыз барлық жағдайға сақадай-сайлығын айтады. Оны «уақыт» атты дүниенің еншісіне бердік.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT