Қазіргі уақытта қызылша ауруы бүкіл әлем бойынша ушығып тұр. Соның әсерінен эпидемиологиялық ахуал ауданымызда да қолайсыз болып отыр. 2023 жылдың ағымдағы кезеңінде қызылшаның ағашқы диагнозымен ауданда 77 жағдай тіркелді. Оның ішінде 26 жағдай зертханалық сараптамалармен расталды. Осы 77 науқастың 88,4 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Басым бөлігі – 6 жасқа дейінгі балалар.
Сонымен қатар аурушылдықтың басым көпшілігі ұйымдасқан ұжымдарда, мектептерде, балабақшаларда жиі тіркелуде. Әсіресе, зерттеу барысында вакцина алмаған балалардың арасында басым болып тұрғаны анықталды. Қызылша ошағында біздің тарапымыздан барлық профилактикалық және індетке қарсы іс- шаралар жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылып отыр. Қызылша ауруы ауданымызда соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Ол кезде де эпидемиологиялық жағдай күрделі болған. Республика деңгейінде осы аурудың алдын алу мақсатында екпемен қамту ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде қызылша аурушылығы тоқтаған болатын. Соңғы екі жылдың қорытындысымен облысымызда, ауданымызда бұл ауру тіркелмеді. Аталған жағдай вакциналаудың қызылшамен күресудің жалғыз жолы екенін көрсетеді. Қызылша жиі егілмеген адамдарға жұғып, ауыр асқынулармен өтеді. Ата-аналардың балаларына екпе салғызудан бас тартуы жағдайды одан әрі күрделендіріп жіберуі мүмкін. Қызылша ауруының негізгі белгілері – әлсіздік, шаршау, ұйқының бұзылуы, дене температурасының көтерілуі, сонымен қатар, адамда қызыл бөртпелердің пайда болуы. Басында тұмау сияқты басталады, кейін бөртпе пайда болады. Осындай белгілер байқалса, өздеріңіздің учаскелік дәрігерлеріңізге хабарлауды сұраймыз. Ауруды жасыруға немесе үйден өз беттеріңізше емделуге болмайды. Себебі, қызылшаның өршуінің соңы адам өліміне әкеліп соғуда. 2023 жылдың 1 қарашасында Астанадағы ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері №7 қаулы шығарды. Бұл қаулы қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиологиялық және санитариялық- профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, балалар 1 және 6 жаста қызылшаға қарсы екпе алуы тиіс. Алайда, осы қаулыға сәйкес, егу мәртебесіне қарамастан 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, сонымен қатар 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға салынады. Қаулыда жаппай иммундау туралы айтылғандықтан 6 айынан бастап салуға мәжбүрлік туындауда. Себебі, ауырып тұрған балалардың барлығы кішкентай балалар болып отыр. Егу барысында баланың ата-анасы немесе заңды өкілінің келісімі алынады. Келісім берген жағдайда, тегін екпе салынады. Келіспейтін ата-ана қарсылық қағазын жазып береді.
Жаппай иммундаудың қажеттілігі елімізде қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты туындап отыр.Егуді арнайы оқытылған, рұқсаты бар медицина қызметкері жүргізеді. Сонымен қатар, вирустың алдын алу үшін үйлеріңізде бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жиі жүргізіп отырған дұрыс. Науқас адамның үйіне, адам көп жерлерге бармауға кеңес береміз. Халық көп шоғырланатын орындарда бетперде киіп жүрген жөн. Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды тек ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана ауыздықтауымызға болады. Неғұрлым екпе алғандар саны көп болса, соғұрлым жылдам ұжымдық иммунитет қалыптасады. Аурудың алдын алып, өздеріңізді, жақындарыңызды қорғауға шақырамыз. Қазіргі уақытта облыс көлемінде 20 мың доза вакцина келді. Ауданға да бөлінді. Егу пункттерінің барлығы жұмыс жасап тұр. Учаскелік дәрігерлеріңізге хабарласып, екпе ала берулеріңізге болады. Вакцина алған адамда ауру жеңіл өтеді. Өйткені, екпе дегеніміз – ауру қоздырғыш патогендердің әлсіреген, әлжуаз күйге түскен, биоинженерия арқылы қолдан жасалған түрі. Оның құрамында вирустың негізгі ақуыздары болады. Оны ағзаға еккен кезде, иммунды жүйе іске қосылып, «зиянкеспен» күрес басталады. Осылайша адамда ол ауруға деген иммунитет қалыптасады.
О.ЗИРЕК,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы