Қазір Қазақстан нарығында «DIZZY», «Red Bull», «Monster Energy» секілді энергетикалық сусындар қолжетімді және ашықтан-ашық сатылуда.
Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысына үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, ұзақ жолда шаршаған жүргізушілерге нағыз құтқарушы болады-мыс.
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерден тұтынуды асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер кіреді. Бұл улағыш сұйықтықты жасөспірімдер көп ішсе, олар түрлі ауруларға шалдыққыш келеді. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан балалар мен жүкті әйелдерге және қарт адамдар мен гипертониясы бар жандарға бұл сусынды ішуге мүлде болмайды.
Энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ондай қасиет жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратып, тез қартаюға себеп болады. Қайталап айтар болсақ, энергетикалық сусындарда кофеин көп, бұл өз кезегінде жүйке ауруына, ұйқысыздыққа, жүрек проблемаларына және қан қысымының жоғарылауына, сондай-ақ тәуелдікке әкелуі мүмкін. Сондай-ақ энергетикалық сусындарда кофеин мен басқа да стимулятордың ащы дәмін жасыру үшін көп мөлшерде қант болады. Қантты көп тұтыну семіздік қант диабеті мен және тіс жегісі сияқты ауруларға әкеледі.
Энергиядеңгейінің жоғарылауынан басқа бас ауруы, алаңдаушылық, ашуланшақтық, тіптен үрей сияқты жағымсыз әсер беруі мүмкін. Сондай ақ асқазанның бұзылуы, шамадан тыс терлеу, қолдың дірілдеуін тудыруы мүмкін. Сондықтан да дәрігер сусындарды тұтынуды шектеуге және оларды қолданудан бас тартуға кеңес береді.
С.ҚАБАЗОВА,
аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы