Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – мемлекетіміздің әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикалық өркендеуінің негізі ретінде азаматтардың денсаулығын сақтаудың тиімді және орнықты жүйесін дамытуды қамтамасыз ету.
Бағдарламаның жоспары бойынша бірнеше нысаналы индикаторлар көзделеді, соның ішінде ҚР халқының күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 73 жасқа дейін ұлғайту. Осы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында:
-ұлттық скринингтік бағдарламаны жетілдіру;
-үш ауру( артериялық гипертония, қант диабеті, созылмалы жүрек жетіспеушілігі) бойынша ауруларды басқару бағдарламаларын енгізу, аудан бойынша осы жылы қант диабеті диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұратын 200 науқас алынды, келер жылға артериялық гипертония және созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепте тұратын науқастарды осы бағдарламаға енгізу жоспарлануда;
-тегін дәрі-дәрмектермен қамту, биылғы жылы тегін дәрі- дәрмекке 70 млн. қаражат бөлінсе, келер жылы 104 млн. қаражатқа болжамды тапсырыс берілді, яғни жоғарыда аталған жоспарлар бойынша ауданымызда жыл сайын жұмыстар атқарылуда;
Ауданымызда 2018 жылы скринингтік тексеру барысында жүрек- қантамыр аурулары бойынша жоспарланғаны- 3871, орындалғаны – 3666, анықталған ауру саны- 194. Жоспардың 100 % орындалмауы және ауру аз анықталуы халықтың скринингтік тексеріске толықтай келмеуі, яғни өз денсаулықтарына немқұрайлы қарауы. Бұл скринингтік тексеру жұмыстарына жылда берген жоспарымызға сәйкес қаражат бөлінеді.
Статистика бойынша жалпы өлімнің 52% жүрек-қантамыр аурулары құрайды. Қазақстанда жыл сайын 80 мың кісі осы аурудан көз жұмады,ал Махамбет ауданы бойынша биылғы жылы 38 адам қайтыс болды, яғни жыл сайын көбеюде. Бүгінгі таңда жүрек- қантамыры ауруларының алдын алу үшін мынадай маңызды нәрселерді есте сақтау қажет:
-темекіден толықтай бас тарту;
-дұрыс тамақтану, соның ішінде майлы тамақтарды азайту, тұзды пайдалануды тәулігіне 4 гр дейін шектеу, құрамында калийі мол тағамдарды(бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты), көкөніс пен жеміс- жидектерді барынша көп пайдалану;
-алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану; -дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану;
-қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылауда ұстау.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтарым: дәрігер ауру адамды емдейді, ал аурудың алдын алу – әрбір адамның өз тірлігі.
Ақтілек ЖҮСІБАЛИЕВА,
дәрігер- кардиолог.