Балалар жарақатының алдын алу маңызды медициналық-әлеуметтік мәселе.
Оның соңы күрделі салдарларға, кейде өлімге әкеледі. Бала кезінде алған жарақат ағзаның тұрақты функциялық бұзылуына себеп болады. Осылайша сынықтар аяқтардың қисаюы мен қысқарып кетуіне әкеліп соғады. Күйіктен қалған тыртықтар, буындарды тартып, олардың қозғалғыштығын шектейді. Миы шайқалған адамдар көп жылдардан кейін бас ауруы, ұйқысыздық, жадының нашарлығы, жинақталудың мүмкін еместігіне шағымданады.
Балаларда кішкентай кезінде негізінен тұрмыстық жарақаттар байқалады: құлау, жаралану, күю, улану, өткір, кесетін заттармен жарақаттану, тыныс алу жолдарына құсықтың, әртүрлі ұсақ заттардың түсуі. Нәтижесінде мұндай құлаулардан тек жаралап алудан басқа, одан да күрделі зақымданулар - сүйектердің сынуы, мидың шайқалуы, тіндердің, ішкі мүшелердің жыртылуы т.б пайда болады.
Ата-аналардың дұрыс қарамауы салдарынан балалар зардап шегеді. Ашық қалған терезе мен балконның есіктері, түрлі-түсті таблеткалар мен ашық түсті жапсырмалар балалардың назарын тартады, жиналмаған дәрілер сәбидің улануына әкеледі. Пеш, үстел немесе еденнің шетіне қойып кеткен сұйықтардан, от, электр аспаптары, сілтілер, қышқылдардан сәби күйіп қалуы мүмкін. Қолөнер заттарымен ойнағанда да жарақат алып қалуы ғажап емес.
Жол бойындағы бақытсыздық жағдайының негізгі себептері ересектердің жол жүру ережелерін сақтамауынан болады. Балалардағы жарақаттардың алдын алуда баланың физикалық даму деңгейінің маңызы зор. Физикалық жағынан жақсы дамыған балалар епті келеді де, қимылды жақсы бағдарлап, жарақатты аз алады. Дене жаттығуларымен айналысу, қозғалмалы ойындар, спорттық көңіл көтерулер бала денсаулығын нығайтудың құралы ғана емес, жарақаттың алдын алудың бірден-бір шарасы болып табылады.
Равиль МУХАНОВ,
хирург дәрігер.