Халықтың екпе алуына бар жағдайды жасауды көздеген Махамбет аудандық әкімдігі мен аурухана басшылығы жылжымалы вакцина пункттері кестесін жасақтап, ауылдық округ тұрғындарына COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізді. 16 тамыз күні жолға шыққан арнайы жылжымалы екпе бригадасы Жалғансай ауылында болып, екпе салу жұмыстарын жүргізді. Жақынына жанашыр болып, өз денсаулығын ойлаған 50-ге жуық жалғансайлық бір тәуліктің ішінде вакцина алып үлгерді.
- Түрлі алып-қашпа әңгімелерге ермеңіздер. Оба, холера секілді жер жүзіндегі түрлі апаттардан құтқарған осы вакцина. Сондықтан баршаңызды осы вакцинаны алу арқылы туған туысқандарыңыздың денсаулығын сақтап қалуға шақырамын,-дейді Жалғансай ауылының тұрғыны Жалғас Отаров.
Сонымен қатар ауылдық округтер әкімдері мен мамандары, аймаққа бөлінген бөлім басшылары мен бөлімдердің мамандары ауылдағы үйлерді аралап, тұрғындарға эпидемиологиялық ахуалды түсіндіріп, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және оның алдын алу, карантиндік шектеу талаптарын сақтап, көпшілік жиналатын шараларды болдырмау туралы және вакцинаның маңыздылығын айтып, екпе алуға түсінік жұмыстарын жүргізіп, жадынама таратуда.
Қ.БАҒЫТ