Атырауда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың онлайн форматта қатысуымен коронавирус инфекциясына қарсы республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Штаб отырысына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен аудан және қала емханалары мен аурухана басшылары қатысты.
Басқосуда денсаулық сақтау басқармасының басшысы облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
- 11 қаңтардан бастап өңір «қызыл» аймақта. Соңғы аптада аурудың 29%-ға өскені байқалады. Орташа есеппен тәуліген 500-ден астам жағдай тіркелуде. Ауырғандардың саны артуына байланысты 13 қаңтардан бастап облыс бойынша резервтен қосымша 1 780 төсек-орын бөлінді. Өңірдегі инфекциялық төсек-орынның жалпы саны 2 360, оның ішінде 106 жансақтау бөлімі.
Бүгінгі күні инфекциялық стационарда 801 науқас емделуде, жүктеме 33,9% құрайды. Жансақтау бөлімінде 11,3%.
Өткен жылмен салыстырғанда бүгін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Барлық ұйымдарда өткен жылы жиынтықталған жеке қорғаныс құралдарының және дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Дәрілік заттардың 42 атауы бойынша тұрақтандыру қоры қалыптастырылды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният амбулаторлық ем алып жүрген науқастарға емхана тарапынан мониторингті күшейтуді тапсырды.
Атап өтерлігі, бүгінде облыста амбулаторлық бақылауда 3 443 адам бар. Соңғы аптада науқастардың саны 45 есе көбейген. Үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарды 129 мобильді бригада бақылауда. Оның ішінде Атырау қаласында 54, аудандарда 75 мобильді бригада бар. Резервтік мобильді бригада саны-50.
Сонымен қатар, соңғы аптада жедел медициналық жәрдемді шақырту 3,9%-ға төмендегені байқалады.
Жиын соңында денсаулық сақтау министрі мемлекет барлық бағыт бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, инфекцияның жұқтыру қаупі жоғары Теңіз кен орнында санитариялық талаптарды күшейту, халық арасында вакцина және ревакцинация жөнінде түсінік жұмыстарын көбейту, өңірде тапшы кадр мамандарын оқыту және басқа да өзекті мәселелерді шешу бойынша жұмыстарды күшейту қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев өңірдегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында әкімшілік тарапынан қолдау көрсететінін айтты.
Еске сала кетейік, бүгінгі күні облыс бойынша вакцинаның І компонентін 262 250 (71%) , ІІ компонентін 245 198 (66%) тұрғын алды.
16 560 тұрғын ревакцинацияланды. Ревакцинациялау Verocell, QazVak, Комирнати екпесімен жүргізілуде.