Ауруды ауыздықтайтын амал

Осыдан екі жылға жуық бұрын, 2019 жылғы желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласында қауіпті вирус шықты дегенді естігенімізбен, тап осылай әлемді әуреге салып, үйге қамап қояды деп сенбегеніміз шын.

Ал, арада аз уақыт өткенде кесел біздің елге де келіп жетті. Шыны керек, өткен жыл ауырлау болды. Зерттелмеген, одан құтылу амалдары қарастырылмаған белгісіз ауру небір жақсы-жайсаңдарды арамыздан алып кетті. Әр ауылда дерлік былтырғы шілде, тамыз айларында вирустың қайта-қайта соққан толқыны салдарынан халық қиындықты бастан кешті. Содан бері біраз жоспарлы жұмыстар атқарылып, шаралар жолға қойылды. Белгісіз ауру барынша жедел зерттелді. Нәтижесінде әлемдік ғалымдар, отандық мамандар түрлі вакцина шығарды. Қазір Ресей, Арабия, Қытай және қазақстандық екпе қолданысқа енді. Бәрімізге белгілі, ауруды түбегейлі жою мүмкін емес. Бетперде тағу, арақашықтықты сақтау сынды қарапайым қағидаларды сақтағанымызбен, ауру азаймай тұр. Сондықтан, жалғыз жолы – екпе алу.

Мамандардың айтуынша, вакцина аурудан қорған болады, ал жұқтырып алса, сырқат аса ауыр түрде өтпейді. Демек қазір мақсатты жұмыстарды екпе алуды кең көлемде насихаттау бағытында ұйымдастырған абзал. Сіздердің басылым секілді, өзге де БАҚ құралдары арқылы насихатты әлі де күшейту керек. Ел ішінде екпеге қатысты әңгіме көп-ақ. Алайда, олардың ешқайсысы да дәлелденбеген. Құр сөз. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ел азаматы ретінде де кездесу, басқосуларда мен де ұдайы осы ұстанымды айтып отырамын.

Байқап отырғанымдай, бетбұрыс бар. Тұтастай еңбек ұжымдарының да толық екпе алғанын көріп отырмын. Өзім де алуға ниеттімін. Жасым 82-де. Қан қысымына қатысты кінәратым болғандықтан, дәрігерлермен кеңесіп отырамын. Мен де балаларымды, айналамды, өзімді қорғаудың амалы ретінде екпе алуды таңдап, қолайлы сәт туғанда салдыртамын. Аз уақыттан соң, жаңа оқу жылы басталады. Дәстүрлі форматта оқуға көшпекпіз. Демек екпе алудың мәні арта түседі. Өйткені, қазіргі вирус жас таңдамайды. Ал, балалардың саулығымен ойнай алмайтынымыз анық. Әлем бойынша бірінші болып, халқының басым бөлігіне екпе салған Израиль елі 12 жастан асқан балаларға да екпе салуды қолға алды. Бұл әдіс-тәсіл өз тиімділігін көрсетсе, салдырған дұрыс деп есептеймін. Біздің отбасымызда да оқу жасындағы студенттер бар. Олар да өз қауіпсіздігі үшін вакцина алмақ. Күні кешегі Президент тапсырмасына сай, барлық деңгейдегі әкімдер СЭС мамандары қабылдаған қаулы орындалысын қадағалап қана қоймай, жаппай екпе алу ісіне үгіттеу жұмыстарын жүргізуде.

Құрманғазы ауданында да бұл жұмыстар жолға қойылған. Екпе алдырушылар саны күн санап артып келеді. Түрлі алып-қашпа әңгімелерге еріп, арандатушылық бағыттағы пікірлерді теріп оқып, уақыт оздырмай, саулығымзды сақтауға кіріскен жөн.

Қадырбай ЖАРМҰХАМБЕТОВ,

Құрманғазы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT