Облыс тұрғындарының сегіз санаты наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алуды бастайды.
Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың 8 санатын вакцинациялауды ұсынды.
Олардың ішінде:
1) медицина қызметкерлері, бірінші кезекте инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қабылдау бөлмелерінің персоналы, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері;
2) педагогтар;
3) учаскелік полицейлер;
4) студенттер;
5) медициналық – әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің персоналы мен контингенті;
6) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар қызметінің, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері;
7) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының контингенті, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық, консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, ұлттық құрама командалардың мүшелері;
8) созылмалы аурулары бар адамдар (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-тамыр жүйесі).
Бүгінгі таңда Атырау облысының 650 мың азаматының 59 мыңы осал топтардың 8 санатына жатады.
«СК Фармация» компаниясының алдын ала ақпараты бойынша, наурыз айында өңірге вакцинаның 7,5 мың дозасын, ал сәуір айында тағы 30 дозасын жеткізу жоспарланып отыр», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Теңіз кен орнында жұмыс істейтін қызметкерлерді вакцинациялау мәселесі пысықталуда.
Сурет:дереккөз