Дертке шалдыққандар бұрын соңды коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болмаған, - деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штабы.
Штаб мәліметіне сәйкес, 36 жастағы жергілікті тұрғын жүрек-қан тамырлар ауруымен облыстық кардио орталыққа жеткізілген. Тексеру кезінде науқастан пневмония анықталды.
- Қабылдау бөліміндегі дәрігерлер бірінші типтегі қорғаныс костюмдерін киген. Науқас алгоритмге сәйкес оқшаулау бөліміне орналастырылып, кейін инфекциялық стационарға жатқызылды. Осылайша, медициналық мекемеде инфекцияның таралуына жол берілмеді, - дейді Атырау облысының Бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев.
Қазіргі уақытта инфекция ошағы анықталып, ол жер оқшауланды, науқастың тұрғылықты жеріне залалсыздандыру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Covid-19 жұқтырған адаммен байланысушылар тізімі жасалып, оларға коронавирусты анықтайтын тест жасалуда.
Ал, тағы екі науқас - туберкулезге қарсы диспансердің провизорлық стационарынан жеткізілген 1996, 1997 жылғы ер адамдар. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қалыпты, екеуі де инфекциялық стационарға жатқызылған.
- Жергілікті тұрғындарды оқшаулану мәселесіне жауапты қарауға шақырамын. Өйткені, қалада індеттің жаңа ошақтары пайда болуда. Сіз Covid-19 жұқтырған адамды кез келген жерде кездестіруіңіз мүмкін. Сондықтан, жанұяңыздың, жақындарыңыз бен достарыңыздың денсаулығын сақтаңыз, үйіңізде инфекцияның таралуына жол бермеңіз, - деді Темірбек Мұсағалиев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 79 адамға жетті. Ал, аталмыш дерттен айығып шыққандар саны - 21.
Сурет:дереккөз