Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры карантин кезеңінде қандай көмектер көрсетеді?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық оператор болып табылады. Өткен аптада Үкімет деңгейінде медициналық қызметкерлерді қолдауға бағытталған бірқатар ауқымды шаралар қолға алынатындығы туралы айтылған болатын. Бүгінгі сұхбатымызда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек карантин кезеңінде МӘМС қандай рөл атқаратындығы туралы айтып берді.

- Сәбит Раймбекұлы, өткен аптада МӘМС бойынша жеңілдік кезеңінің ұзартылғандығы туралы жарияланған болатын. Азаматтар үшін бұл не береді?

- 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін аралықта барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған тұлғалар болып есептеліп, қажетті медициналық көмектерді мемлекеттің кепілдендірілген көлемінде ғана емес МӘМС пакеті көлемінде де алды. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты жеңілдік кезеңін 1 сәуірден бастап 1-ші шілдеге дейін ұзартылып отыр. Яғни, қазіргі күні сақтандырылмаған немесе ай сайынғы жарнаны төлемегендіге байланысты жүйеден шығып қалатын азаматтар осы аталған кезең ішінде сақтандырылғандар болып есептеліп, барлық қажетті медициналық қызметтерді кедергісіз алатын болады.

- Сонымен қатар, өткен аптада эпидемияға қарсы шараларға қатынасушы медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу туралы да айтылды. Ол қор арқылы жүргізілетін бола ма?

- Ақша республикалық бюджеттен бөлінеді, ал Қор оператор рөлін атқарып, қаржыны медициналық ұйымдарға бағыттап отыратын болады. Алушылардың тізімін жасақтауға әрбір өңірдің шұғыл штабтар жанындағы комиссиясы құзырлы. Олардың құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар өкілдері кіреді және облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде басқарылады. Яғни, нақты айтқанда үстемеақы төлеу туралы шешім тек комиссиямен қабылданады, нақты кімге үстемеақы төленетіндігін қор шешпейді. COVID-19 короновирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің және тәуекел топтарының жалақысына үстемеақы мөлшерлері белгіленді.

Бірінші тәуекел тобына COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады.

Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының жиырма еселенген мөлшеріне дейін төленеді.

Екінші тәуекел тобына провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер, сондай-ақ олар тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатады.

Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының он еселенген мөлшеріне дейін төленеді.

Үшінші тәуекел тобына карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары,санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, сондай-ақ блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады. Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін төленеді.

- Біздің Атырау өңіріндегі жағдайға тоқталсаңыз. Үстемеақы төлеу бойынша өңірде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- COVID-19 коронавирус ауруымен күрес барлық әлем бойынша жүргізілуде. Елімізді де бұл кесел айналып өтпеді. Бүгінгі таңда Атырау облысында 45 адам инфекция жұқтырып отыр. Өңірде №2 облыстық ауруханада инфекция жұқтырған азаматтар емделуде. Облыстық аурухана мен облыстық тубдиспансерде провизорлық және карантиндік жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге аудандық ауруханаларда карантиндік және провизорлық қызметтер жүргізілуде.

Қазіргі уақытта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен Атырау облысына осы коронавирус инфекциясымен күрес жүргізетін медицина ұйымының қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстеме ретінде төленуге 959 млн 997 мың теңге бөлінді.

Оның ішінде - 667 млн 796 мың теңге COVID-19 коронавирусының таралуының алдын алу және осы аурумен ауырғандарды емдеуге;

Ал 232 млн 50 мың теңге COVID-19 коронавирусымен күрес жүргізетін медицина ұйымының қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстеме ретінде төлеуге;

Сонымен қатар, 60 млн 150 мың теңге COVID-19 вирусын анықтау үшін диагностикалық зерттеуге.

2020 жылдың 9 сәуірінен бастап Қордың Атырау облысы бойынша филиалымен медицина ұйымдарына алдын ала төлем жүргізу үшін 268 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды.

Бүтіндей алғанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – Қордың жеткізушілерін қаржыландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті график бойынша жүргізіледі. Әрмен қарайғы өзгерістер туралы да қоғамды кідіріссіз ақпараттандырып отыратын боламыз. Оқырмандарыңыз өздерін мазалайтын сұрақтардын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірыңғай байланыс орталығына – 1406 нөмірі бойынша немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы бойынша қоя алады.

- Сұхбатыңызға рахмет. Жемісті еңбек тілейміз.

Б.Сапарова,

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT