«Адам тағдырына операция жасау оңай емес»

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері сот жүйесі де түрлі реформаларды басынан өткеріп, жыл өткен сайын дамып келеді.

Елбасының бастамалары аясында тәуелсіз сот қалыптасып, әділ сот үдерістеріне халықтың қолжетімділігі арта түсті. Сот жүйесінің өзіндік заңдық базасы қалыптасты. Осы орайда ауданымыздың сот жүйесінде де атқарылып жатырған ауқымды жұмыстар баршылық. Бұл туралы бізге Махамбет аудандық сотының төрағасы Б.Қадырғалиев баяндап берді.

-Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында атап көрсеткен 10 бағыттың бірі сот жүйесіне тиесілі. Жолдау аясында сот жүйесінде қандай жаңашылдықтар жүзеге асуда?

-Еліміздің сот жүйесінде жаңа технологияларды енгізу қазірдің өзінде тиімділігі мен нәтижесін беріп отыр. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-шы қадамын жүзеге асыру барысында барлық соттар аудио және бейне құрылғыларымен қамтамасыз етілді. Сот процестерінің аудио-бейне жазбаларының құрылғылары орнатылған залдарда өткізілуі, әділ сот төрелігінің ашықтығы мен қол жетімділігіне судьялар мен сотқа қатысушылардың процесуалдық нормаларды сақтауына оң ықпал етті. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында төрелік, сот кабинеті және басқа да сервистер бар. Пошта байланыстарының орнын ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, смс хабарлама, электронды бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды почта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейне-конференция арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Қазіргі таңда сот саласындағы заманауи жетістіктеріміздін бірі «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі. «Сот кабинеті»- бұл Қазақстан Республикасы соттарының сервистеріне электрондық түрде қол жеткізуге арналған бір ыңғай терезе. Сервис сот отырысына қатысатын азаматтар үшін ашықтық, қол жетімділік және айқындықты қамтамасыз етеді.

-Махамбет аудандық сотында 2017 жылы және 2018 жылдың І тоқсанда атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталсаңыз.

-Махамбет аудандық соты 35000 тұрғыны бар ауданының азаматтарының әділдіктің тұрғысында құқықтары мен бостандықтарын сақтауда. 2017 жылдың І тоқсанында қылмыстық 16 іс түсті, ал 2018 жылдың І тоқсанда 12 іс түсті, демек 4 іске азайды. 2017 жылдың І тоқсанында сот кабинеті арқылы азаматтық 73арыз түсті, ал 2018 жылдың І тоқсанда 179 іс түсті. Сонымен қатар, халыққа ашық, жақын бо­лу мақсатпен аудандық сот төрағасы мен судьялар басқа да ауқымды тақырыптарға байланысты республикалық басылымдарға, Атырау облыстық телеарналарға «Медиация тиімді тәсіл», «Негізгі басымдықтардың бірі – кәсіпкерлікті қолдау»,«Тіл тағдыры- ел тағдыры», «Гендерлік тендік отбасы», «Ажырасу көп, алимент төлеу аз», «Сот кабинеті жүйелілікке бастайды», «Мектепкеде медиация керек», «Электронды хат», «Жемқорлық жеккөрінішті тірлік», «Кемсітушіліктің жолы кесіледі» 30-ға жуық мақалалар жариялап, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізді.

-Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов еліміздің Бас судьясы ретінде өткізген алғашқы алқалы жиынында сот жүйесінің 7 бағытын ұсынған болатын. Осы жеті стратегиялық бағыттың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

-Жақып Қажыманұлы судьяны әділ шешім табуға, қоғамның мемлекеттік және жекеменшік институттарының қателігін түзеуге борышты дана қартқа теңеді. Әділ сот тұрақты дамудың іргелі негіздерінің бірі екенін айтты. «Біз тек қана үкім шығармаймыз, хирургтар секілді адам тағдырына операция жасаймыз. Бұл постулаттарды біздің әрқайсысымыз күн сайын оны Гипократтың анты секілді қайталауымыз керек» дей келіп, заң үстемдігі азаматтардың сот әділдігіне көзі жеткенде ғана қамтамасыз етілетінін атап көрсетті. Сот жүйесінің негізгі жеті бағыты халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, әдеп нормаларын сақтау, сот отырысында өзін-өзі ұстау мәдениеті, әр судья өз қызметіне және шығарған шешіміне жауапты болуы, судьялардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сот ісін жүргізудің толық цифрлық стандартпен жетілдіру, жемқорлықтан арылу үшін сананы өзгерту, төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру, сот төрелігін жүзеге асырып сапасын жақсарту, судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға негізделеді.

-Соңғы кездері араздасқан тараптарды медиациялық жолмен татулас- тыру белең алып келе жатқанын көріп жүрміз. Осы орайда медиаторлардың жұмысы туралы да айтып өтсеңіз.

-Киелі мекен Махамбет ауданының сот жүйесінің түпкі тамыры ежелден, яғни біздің заманымыздың VI-VII ші ғасырлардан бастап дамыған көне қала Сарайшықтың осы аумақта орналасуымен дәлелденеді. Өз заманында әлемдегі озық қалалардың бірі Бұхарадан кейін екінші қала болып, сәулетімен қаланының даму жүйесімен танылып саяхатшылардың жазбаларына енген Сарайшық шаһарында сол заманнын өзінде заң аясында әділдіктін ошағын іздеген билері болған. Президентіміз Н.Назарбаевтың Судьялар одағының өткен съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын одан әрі қарқынды дамытуды тапсырған. Бұл қызмет ежелден келе жатқан Билер институтының жалғасы, бір кезде қазақ билер салған ел бірлігін сақтау саясатының сабақтастығы. Қазақ билері — ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен қазақ еліндегі кез келген даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешімін тауып отырған. Ұлы Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің дана саясаты бүгінгі сот жүйесіне енді десекте болады. Медиация - би билігінің жалғасы, бұл тәртіптің мақсаты–даудың шиеленіс деңгейін төмендету, екі жақты тараптардың қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу, бір – бірлерінін пікірлерін ескере отырып, өзара дауды келісіп шешу. Медиация сотқа дейінгі тәртіпте және азаматтық, еңбек, отбасы, басқа кұқықтық қатынастардан туындайтын дауларда, жеңіл және орташа ауыр қылмыс туралы істер бойынша қылмыстық іс барысында қарастырылатын даулар қолданылады. Медиацияның артық шылықтары: эмоционалды күшін, уақытын және ақшасын үнемдейді, дауды бірнеше сағатта реттеу мүмкін; мемлекеттік баж салығы төленбейді, медиация рәсімінің пайдалануы сот шығындарының қажеттілігіне ұшыратпайды. Дау-дамайларды сотқа жеткізбей-ақ бітімгерлік жолды таңдайтын азаматтар қатары артып келе жатқаны медиацияның біздің қоғамға керек екенін көрсетеді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521