Жаңашыл да талапшыл ұстаз

Еңбек адамы деген кім?

Аудандық білім бөлімі бастауыш сыныптар бойынша әдіскері Бибігүл Сәресқызы туралы бір үзік сыр.

-Сүйінші, Сәрес, сүйінші! Өмірге көйлек тігер келді. Қызды болдың. 1961 жылдың тамыз айында Забурыннан көптен күткен қуанышты хабар жетті. Күні кеше жоғары оқу орнын бітіріп Жанбай ауылындағы Куйбышев атындағы мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастап жатқан жас маман Сәрестің бұл екінші перзенті. Тұла бойы тұңғышы Тағатолласының артынан ере келген сұлу қызын көргісі, бауырына басып иіскегісі келіп-ақ тұр. Бір кезде көз алдына бөпесін қолына алып, күлімсіреп тұрған келіншегі келе қалды. Өзінің еркіне салса қазір-ақ тартып кетер еді. Әттең... Забурынның бір бұрышындағы құмды ауыл мен Жанбайдың арасы бірталай жер. Оның үстіне мойнында үкіметтің міндеті бар. Кенет «Қызымның есімін кім деп қойсам екен?» деген ұры ой келе қалды. Қиялымен бірнеше есімді ойлап та үлгерді. Жас жігіттің тәтті ойын хабаршының:

- Шешең қызыңның атын Бибісара деп қойды. Кеңсеге барып, куәлігін алуды тапсырды, - деген дауысы бұзды. Сәрес қуанышты хабардың әсерімен және жастықтың буымен тым еркінсіп кеткенін есіне алып сәл жымиды. Әкесі Есенәлі мен анасы Нағима тұрғанда, баласының атын өзі қою бұған қайдан бұйырсын...

Соның арасынша сүйінші жаңалықты естіп, құрбы-құрдас, дос-жарандары жиналып үлгеріпті.

- Ой, жігітім, состиып неғып тұрсың? Мұндай жаңалықты жуу керек. Қане, жүгір дүкенге қарай ,– деп мұны қаумалап алды. Қуанышты атап өту басталды. Осы ырду-дырдудың буымен Сәрес қызына куәлік жаздыруға кеңсеге қарай тартып кетті.

- Құттықтаймыз, екінші рет әке атанып жатыр екенсің, - деп бұл жердегі қыздар да ақ тілектерін арнап жатыр.

-Қызыңның атын кім деп жазайық? Осы жерде жас әке мүдірді. Шешесі қойған қызының атын есіне түсіре алмай қиналды.

-Бибі... Бибі... әй әйтеуір алдында Бибісі бар, не болса ол болсын, Бибігүл деп жаза салыңдаршы,– деді ақыр соңында есіне түсіре алмай.

Сонымен баланың аты куәлікке Бибігүл болып жазылды. Жасыл кәулік сол күйінде беті ашылмастан Нағима әжейдің сандығының түбіне салынады. Құмды ауыл үшін сәбидің аты Бибісара болып қалады. Ата-әжесі еркелетіп Сара деп атап кетеді. Сол күні сандықтың түбіне жайғасқан туу туралы кәулік Сара мектеп табалдырығын аттар кезде ғана ашылады. Куәлікте Бибігүл, өмірде Сара. Бұл аудандық білім бөлімінің бастауыш сыныптар бойынша әдіскері Бибігүл-Сара Сәресқызының өмірге келу тарихы.

saraapa06023

Ұлы Отан соғысы кезінде бар жиған-тергенін танкі жасау ісіне жұмсаған мәрт мінезді Есенәлі қарт пен басынан кимешегін тастамаған сұсты сары кемпір Нағима Бибісараның бойына имандылық пен ізгілікті, мейірімділік пен талапшылдықты сіңіріп өсіреді. 1968 жылы Сәрес Есенәліұлы Махамбет орта мектебіне жұмыс ауыстырады да, отбасымен Махамбетке көшіп келеді және осы ауданда тұрақтап қалады. Әкесінің жолын қуып, жаны ұстаздықты қалаған Бибісара Сәресқызы жоғары оқу орнын бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, өзі оқыған мектепке жұмысқа орналасады. Сол кездегі білікті ұстаздар Хамза Бимағамбетов, Қамидолла Тәжмағанбетовтерден тағылым алып, тәжірибе жинақтайды. Талап қоя білуді үйренеді. Оқушыларынан да білімді талап етеді. Әр баланың жан дүниесіне терең үңіліп, ата-аналармен үй аралап жүріп танысып жұмыс жасайды. Жұмысына жауапкершілігінің жоғарылығының нәтижесінде 2003 жылы аудандық білім бөліміне басшының орынбасары қызметіне көтеріледі. Мемлекеттік қызметтің қиындығын осы кезеңде айқын сезінеді. Сол кезеңде басшылық қызметте жүрген ел азаматтары Сағынбай Шотпақов, Серік Арыстановтардан көп нәрсе үйренеді. Іс-қағаздарына мұқият болуды меңгереді. 2006-2009 жылдары аралығында Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің директоры, 2009-2013 жылдары «Шолпан» балабақшасында меңгеруші қызметтерін атқарады. 2013 жылдан аудандық білім бөлімінде бастауыш сыныптар бойынша әдіскер қызметін атқарып келеді.

b

Бибігүл Сәресқызымен әр жылдарда жұмыстас болған әріптестерінің барлығы оны ерекше жақсы көретіндерін, туған апаларындай сыйлайтынын , білікті маман ретінде мойындайтындарын айтады. 1985 жылдан бері жұмыстас болып келе жатқан Насиха Ермекбаева әріптесінің сырт көзге сұсты болып көрінгенімен жаны жұмсақ, жайдары жан екенін, қиналған жандарға көмек қолын созуға қашанда дайын тұратынын, өзінің білгенін өзгелермен бөлісуді міндетім деп санайтынын, жұмыс барысында қол астындағыларға үлкен талап қоя білетінін айтады.

s

-Ауданымызда ҰБТ жаңадан басталған кезде Бибігүл Сәресқызының білімпаздығының нәтижесінде түлектер жоғары көрсеткіш көрсете алды. Сара апайдың тікелей атсалысуымен өтіп жатқан 1-7 сыныптар арасындағы «Зерде» байқауынан оқушыларымыз республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болды . Ауданның бастауыш білім саласының алға өрлеуіне бір кісідей үлес қосып келе жатқан әріптесімізден үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп,– дейді Н.Ермекбаева.

s

Ал, осы бөлімнің әдіскері Индира Алмурзина Бибігүл апайдың өзінің бойындағы барлық жақсы қасиетін шәкірттерінің бойына дарыта білген ұстаз екенін айтады.

-Сара Сәресқызы өте сауатты адам. Әсіресе, білім саласына қатысты нормативтік-құжаттарды өте жақсы жүргізеді. Тағы бір ерекше қасиеті білім саласындағы жаңа реформалардың барлығын жасым үлкен деп жасқанбай, жастармен бірге игеріп алып кететіні. Ұжымдағы ер адамдарды жасы кіші болса да жоғары қоятыны, өзінен кішілермен санаса білетін қарапайымдылығы кім-кімді де сүйсіндірмей қомайды. Білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Венера Қабышева кейіпкеріміздің кәсіби білікті маман екенін мектеп педагогтарына көрсетіп жүрген әдістемелік көмегінен көруге болатынын айтады.

-2015 жылы Сара апаймен бірге әдіскерлерге арналған орта білім мазмұнын жаңарту аясында бір айлық курсқа бірге барып келдік. Осы бір айдың ішінде оның маған маман ретінде де, ақылшы дос ретінде де, әріптес ретінде де үлкен көмегі тиді. Мен Сара Сәресқызын қоғамға үлкен еңбегі сіңген, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, тұлға деп есептеймін. Біздің кейіпкерімізбен Қ.Қалыбеков орта мектебінде басшылық қызмет атқарған кезеңде әріптес болған математика пәнінің мұғалімі Орынша Насиғоллақызы жаңа директордың кезінде білім сапасының түсіп кеткенін еске алады.

-Өйткені, бұған дейін артық бағаланып келген оқушылар мен оларды көтермелеп келген ұстаздар Бибігүл Есеналиева енгізген әділ бағалау жүйесі кезінде өздерінің қателік жібергендерін мойындады. Осыдан кейін оларға деген талап та күшейтілді. Соның нәтижесінде білім сапасы шын мәнінде көтеріле бастады. Жаңа директорымыз бізге іс-қағаздарын қалай мұқият жүргізу керектігін үйретті. Біздің мектеп әлі күнге сол Сара апайдың салып кеткен сара жолымен жүріп келеді. Үш жыл басшылық қызмет атқарған кезінде біздің есімізде әділ де тіке, сөзге шешен, сауатты басшы ретінде қалды. Ешқашан демалмайтын, сенбі күндері де жұмысқа келіп, шаруасын тындырып кетуді жөн санайтын. Ал «Шолпан» балабақшасындағы әріптесі Айжан Мырзағалиева ұжымды ортақ іске жұмылдыра білетін ұйымдастырушы бола білгенін, мекеменің ауласын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары кезінде білекті сыбанып бел ортасында жүретінін айтады.

Ең ерекше есте қаларлық жұмысы, балабақшаның көп жылдық тарихын жасауға үлес қосқаны болыпты. Ауданның білім саласының алға өрлеуі жолында аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын осы салаға арнаған Сара Сәресқызы ұжымдастарына қалай қамқор болса, артынан ерген бауырларын да қанатының астына алып, әке орнына әке, ана орнына ана болып жүрген жайы бар. Иә, өмірінің көп бөлігін тек қана шәкірттеріне арнаған аяулы ұстаз, жаңа заманның ағымына ілесіп, биік белестерді бағындырып келеді.

Баян СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT