Жалындаған жігермен жүзеге асырамыз

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 5 қазан күнгі Қазақстан халқына Жолдауы біз үшін яғни, ұстаздар қауымы үшін елең еткізер жаңалық болғанын ерекше атап өткім келеді.

Президент Жолдауы айтулы мереке – ұстаздар күні қарсаңында жарияланды. Адамзат тарихында ұстазға көрсетілер құрметтің зор екені баршаға мәлім. Мереке күні шәкірттеріміздің ерекше ілтипаты мен кішіпейілдігін сезіне отырып, Елбасы тарапынан үлкен қолдауға ие болдық. Орта мектептерде білім алушыларды мейілінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу арқылы оқытудың жеке бағдарын жасай отырып, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайту жолын атап көрсетті. Сондай-ақ алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірлеуге тапсырма берілді. Аталған заң аясында мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастыруды, оларды жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауды тапсырды.

Балалардың үш ауысымда оқылуына жол берілмеу керек екенін де қадап айтты. Бұл дегеніңіз Елбасымыздың қоғамдағы әр істі қалт жібермей қадағалап отырғанының белгісі. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесінің мемлекеттік мектептер үшін стандарт болып табылу керек деген тапсырмасы мені үлкен ойға жетеледі. Бұл жердегі Елбасының көздеген мақсаты – мемлекет тарапынан балаға берілетін білім мен қолдау барлығына бірдей болу керектігі деп ойлаймын. Бірақ материалдық-техникалық базасы әртүрлі деңгейдегі мектептер, соның ішінде ауыл мектептері үшін бұл тапсырма бойынша бірден іске кірісу оңай болмасы анық. Өз басым Елбасының бұған дейінгі Жолдауында да ұстаздар қауымына деген ерекше ықыласын сезініп келемін. Ел ертеңі – бүгінгі мектеп партасында отырған бүлдіршіндердің білімі озық елдермен терезесі тең болсын деген ниетпен ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруға жол ашып берді. Биылғы оқу жылында мен де Кембридж университетіне біліктілігімді арттыруға жол жүргелі отырмын. Бар ойым – артылған сенімді ақтап, білімім мен білігімді елім деп жүрегі соғар, елінің қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиесіне жұмсау. Сөзімді қорыта келе, Елбасымыздың кезекті Жолдауында көтеріліп отырған өзекті мәселелердің бірі болып, мұғалім беделін арттырудың басты назарға ұсынылуы – ұстаздар қауымы үшін зор мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік екендігін де сезінудеміз. Осы сенімді ақтау жолында бар білімімді, жастық жігерімді жұмсайтын боламын.

Ә.ҚОЖАНТАЕВА,

Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT