«Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасымен арманына қол созып жүрген ауыл балалары көбеймесе, азаймақ емес. Солардың бірі – біздің жерлесіміз, Қаршыға Ахмедияров атындағы Таңдай орта мектебінің түлегі Дулат Бекмұхан. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген ол жуырда АҚШ-тың Чикагодағы «Иллинойс» университетіне «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болып оқуға аттанды. Шетел асып білім іздеп кеткен жерлесімізбен әлеуметтік желі арқылы байланысып, сұқбат алған болатынбыз:
- Қайырлы күн Дулат! «Болашақ» стипендиаты атануыңмен құттықтаймыз! Ең алдымен өзіңді таныстырып, еңбек жолың қалай басталғанын айтып берсең.
- Мен Махамбет ауданы, Таңдай ауылында 1993 жылы дүниеге келдім. 2011 жылы Қ.Ахмедияров атындағы Таңдай орта мектебін бітіріп, Астана қаласындағы Е.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Құрылыс саласы мамандығы бойынша грантқа оқуға түстім. Сол университет қабырғасында жүргенде-ақ айналамдағы студент жастардың, оқытушылардың білімге, түрлі ғылымға құштарлығын көріп қызығатынбыз. Бос уақыттарын өте тиімді пайдаланатын. 2015 жылы университетті бітіріп, Атырау қалалық құрылыс бөліміне мемлекеттік қызметке жұмысқа орналастым. Кейін, Атырау облыстық құрылыс басқармасына, 2018 жылы Исатай ауданынан қызмет бабымен келдім.
-«Болашақ» бағдарламасында бақ сынау туралы ой қашан пайда болды? Бұл шешіміңді отбасы, ата-анаң қалай қабылдады?
-Жоғарыда атап өткендей университетте жүріп-ақ тіл үйренуге қызығушылық пайда болды. 2019 жылы өзіме осы «Болашаққа» тапсырып көрейінші деген идея келді. Бірақ, кедергілер болып, идеямды сол күйі жылы жауып қойдым. Кейіннен, бағдарлама талаптарына өзгерістер енгізіліп, жеңілдіктер қарастырылған соң, қайта тапсыруды қолға алдым. 2021 жылы конкурсқа қажетті құжаттардың бәрін дайындап, бағымды сынап көргем, бірақ жолым болмады. 2022 жылы тағы да конкурсқа қатысып, барлық кезеңдерден сәтті өттім. Сөйтіп, көптен күткен стипендия иегері атандым. Бағдарламаға қатысу барысында ата-анам, достарым бәрі жан-жақты қолдау білдірді, еш қарсылық болған жоқ.
- Сен білім алып жатқан университеттің артықшылығы неде? Ол жақтағы қазақстандық студент термен байланысың қандай?
- Жалпы, мен білім алып жатқан Чикагодагы Иллинойс университеті 1982 жылы жұмысын бастаған. АҚШ оқу орындары үшін өте жас университет. Бірақ, соған қарамастан АҚШ-тың ұлттық оқу орындар рейтингінде 51-орынға жайғасқан. Білім беру сапасы жоғары деп саналғандықтан Иллинойс студенттерін жұмысқа орналасуда қатты бағалайды. Оқу орнының академиялық оқытушылар базасы 3 мыңға жуықтайды. Зерттеу орталығы, кітапхана, жатақхана барлық жағдай студенттер үшін қарастырылған. Мұнда қазақстандық білім алушылар жетерлік. Біз жиі кездесіп, жиналып, білгенімізбен бөлісіп тұрамыз.
- «Болашақ» бағдарламасының сен үшін қандай артықшылығы бар?
- «Болашақтың» басты артықшылығы ең алдымен бұл мемлекеттік бағдарлама, сондықтан, оқу барысында студенттің барлық шығыны толықтай өтеледі. Оған оқу ақысы, жол шығындары, ай сайынғы өмір сүру шығындары кіреді. Кейде оқуға қажетті әдеби, ғылыми құралдарды сатып алу да жатады. Бастысы сіз еш алаңсыз екі жыл бойы шет елде, бұрын соңды көрмеген бейтаныс елде толықтай мемлекеттің қамқорлығында жүріп білім аласыз. Осыдан артық қандай мүмкіндік керек? Гарвард, Стэмфорд, Кембридж, Оксфорд сынды әлемнің үздік оқу орындары сіздерге айқара есік ашып отыр. Тек тартынбай, ерінбей білімге уақыт бөліңіз.
- Елге оралған соң жоспарың қандай? Шетелде білім алудың қиындығы барма? Осы бағдарламаға үміткер жастарға кеңесің?
- Қазақстанға келген соң міндетті түрде осы алып жатқан білімді пайдаланып, өз саламда ел дамуына үлес қосу. Бір мәселені болса да шетелдік тәжірибеге сүйеніп, біздің қоғамға сай етіп шешуге атсалысу. Зерттеу, іздену, халыққа пайдамды тигізу. Мемлекет берген мүмкіндіктің қарымы екі есе елге қайтуы керек. Сол үшін жұмыстанамын. Ал, үміткерлерге, жастарға айтарым – қай жерде болмасын тіл үйренуді басты ұстаным етіңіз. Мейлі жұмыста, көшеде, үйде ағылшын тілін жаттаңыз. Курстарға қатысып, үйренуге еш тартынбаңыз. Шетелде білім алу тілдік деңгейге өте қатты байланысты. Оқу бағдарламасы жағынан Қазақстанға өте қатты ұқсас. Бірақ, мәліметтің барлығы ағылшынша болғандықтан, барынша тілге жетік болу керек.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Айнұр САТАЕВА