Таланттарды танытқандар (ВИДЕО)

Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы қосымша білім беру ұйымдарының құрылғанына 100 жыл толуына орай, «Қосымша білім беру педагогінің шығармашылығы» атты форум өткізілді.

Форумның мақсаты - жас ұрпақтың бойындағы таланттың ұшқынын тап басып, бүр жарып, ашылуына септігін тигізіп, осы жолда аянбай тер төгіп жүрген ұстаздардың жұмысын көрсету, шығармашылығын насихаттау, еңбектерін бағалау еді.

Форум барабаншылардың маршымен, оқушылардың ұстаздарына деген жүрекжарды лебіздерімен, гүл шоқтарын ұсынуларымен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Светлана Аманшиева бұл датаның маңызы зор екенін айтып, педагогтарға сәттілік тіледі.

З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы мұғалімі Айгүл Нұрмұханова, қобыз дәстүрін жалғап жүрген Алтынай Төлешова, хореография сыныбы мұғалімі Лаура Дармурзина, сырнай сыныбы мұғалімі Жанболат Ғұбайдуллин, Алға орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі, вокал үйірмесінің жетекшісі Ләйлә Мұқатова, балалар және жасөспірімдер даярлық клубының жанынан ашылған каратэ киокушинкай спортының жаттықтырушысы Әйгерім Айшуақова мен бокс спортының жаттықтырушысы Жәнібек Қапуанов балаларға білім берудегі шығармашылықтарымен бөлісті. Әр ұстаз өз жұмысы туралы баяндаған сәтте шәкірттері өнер көрсетіп, көрерменді тәнті етумен болды.

Форум соңында облыстық білім беру басқармасынан келген өкіл Шолпан Есқалиева мен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлзада Неталиева ұстаздарды алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлақтарын табыс етті.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT