Әскерге қызығушылық мектептен басталады

Жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, Отан алдындағы борышын, парызын сезіндіруде алғашқы әскери дайындық пәнінің маңызы зор. Алғашқы  әскери дайындық  сабағы  мектеп қабырғасында 1995 жылдан бастап оқытыла бастады. Бұл пәнді енгізудегі басты мақсат  ел қорғаны болып, ертеңгі  күн қарулы күштер қатарын толықтырар  жау жүрек жауынгерлерді мектептен тәрбиелеу болды.

 «Алғашқы әскери  дайындық»  пәні арқылы  балалардың бойында  патриоттық  сана қалыптасады. Оқушы мектеп қабырғасында жүріп алғаш рет осы пән арқылы қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, әскери жарғының не екенін түсініп, аймақты барлау  әдісін үйренеді. Қару қолданудың  қатаң қағидаларын меңгеріп, шапшаң, ширақ қимылдауға ыңғайланады.

Еліміздің басты нышандары –Ту, Елтаңба,Әнұранға  қаншалықты құрметпен қарау керектігін түсінеді. Жасөспірімдерді қыры мен сыры мол әскери мамандыққа мектептен бастап даярлау, қоғам мен ұлттық армия алдындағы әлеуметтік міндет және азаматтық борыш. Сонымен бірге мектепте әскери білім беру сапа жағынан жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Әскери өнерге машықтану жолында оқушылар    спорт саласындағы әскери ойындармен айналысады, жаттығады. Әскери тәртіп, оның мәні және маңызы, әскери тәртіпті сақтау бойынша әскерилердің міндеттері, командирдің бұйрығы – бағыныштылар үшін заң екенін ұғынады.

Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ,ерлік рухты қалыптастыру қазақстандықтардың ортақ парызы, тікелей міндеті болып табылады. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған салт дәстүрінен нәр алған қазақ елінің мындаған ұл-қыздары екінші дүние жүзілік соғыстың қанды майдандарында да қаһармандықтың талай қайталанбас үлгісін көрсетті. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ даласын «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғаған.

«Алғашқы әскери дайындық»  пәні барысында оқушылар ҚР Қарулы күштеріндегі әскери қызметке шақырылған кезде әскери қызметті өткерудің жағдайларына қысқа мерзімде бейімделіп, өздеріне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы меңгеруі үшін жас сарбазды дайындау көлемінде қажетті білім, практикалық машықтанушылық, мінез-құлық орнықтылығын қалыптастыра  бастайды.

Пән барысында «Алғашқы әскери дайындық» төмендегідей тараулардан тұрады: тактикалық дайындық; атыс дайындығы; саптық дайындық; атыс қаруынан атыс жүргізу ережелері мен тәсілдері және жарықшақты қол гранаттарын лақтыру; Қарулы Күштер ҚР егемендігінің күзетінде; ҚР Қарулы  күштерінің  әскери жарғылары; әскери топография; азаматтық қорғаныс және медициналық білім негіздері. Оқушылардың пәнге  деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі сайыстар ұйымдастырып отырамыз.

Мұндай  сайыстар  оқушылардың рухын арттырып, өз іс-әрекеттеріне сенімділікке, ептілікке, жинақылыққа, ұжымшылдыққа, зейінділікке, тәртіптілікке  баулиды. Мектеп қабырғасында осы пәнді қызығушылықпен оқып, жақсы меңгерген балалар әскерге барып, отан алдындағы борышын өтеуден ешқашан қашпайтын болады. 

Рүстем Құсманов,

Қ.Қалыбеков атындағы

Сарытоғай орта мектебінің

алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT