Атырауда мектеп оқушыларының арасында аутоагрессивті мінез-құлықтың алдын алу үшін пилоттық жобалар қабылданады

Бүгін М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында республикалық тамыз  кеңесі өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кеңес биыл онлайн режимде өтті. Атап айтқанда, 20 өңірден шараға қатысушылар Астанада өткен жиынға тікелей қосылып, әр түрлі тақырыптарды талқылады.

Кеңес аясында Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен білім беру ұйымдарында қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша психологиялық-педагогикалық жұмыстардың өзекті мәселелері қаралды.

Алдымен кеңесте Премьер-Министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова онлайн режимде кеңес қатысушыларын жаңа оқу жылымен құттықтап, оқу жылы қайтадан 25 мамырда аяқталатынын мәлім етті. 

- Оқу жылының ұзақтығына қатысты өз ойымды айтқым келеді. Осы мәселеге қатысты қоғамда түрлі пікірлер болды. Педагогикалық қауымдастық ұсыныстарын да айтты. Бұл әлемдік тәжірибе екенін мойындау керек. Алайда мұндай өзгеріске тыңғылықты дайындалу керек. Менің ойымша, министрліктің шешімі дұрыс болды, бірақ асығыс қабылданды. Осыған байланысты келе жатқан оқу жылын 34 апталық оқу жылына қайтарып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін, - деді Т.Дүйсенова.

Үш сағатқа созылған тамыз кеңесінде мұғалімдердің мәртебесін көтеру, бала қауіпсіздігін сақтау, ерекше балаларды оқытуда жаңа методика пайдалану, мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу, бейнебақылау камераларын орнату, интернетпен қамту, техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Серік Шәпкенов жауапты сала мамандарына балалардың аутоагрессивті мінез-құлқының алдын алу үшін психологтардың арнайы орталықтарын ашуды тапсырды. Сонымен қатар білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік сатып алу қызметі орталықтандырылатынын айтты.

- Біздің басты мақсатымыз - мектептерде білім алуға қолайлы орта қалыптастыру. Облыста 4 апаттық, 11 үш ауысымдық мектеп бар. Осы жылдың соңына дейін 3 апатты мектептің мәселесі толық шешіледі. Алайда барлық білім ордасын зерделей отырып, кей мектептерді апатты мектеп санатына көшіріп жатырмыз. Ал үш ауысымдық мектептерде білім алып жатқан оқушы санын екі есеге қысқартамыз. Сондай-ақ мектеп салуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетеміз. Ерекше балаларды оқытуда да мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстарға жіберіп, жаңа методика бойынша жұмыс істеу керек. Мемлекеттік қызметте де әр басқармадағы басшы мен мамандарды жұмыстан қысқартып, босаған штат бірліктерін білім беру басқармасына бердік. Себебі мектеп директорлары мен мұғалімдері басқа қызметтен босатылуы тиіс. Яғни мемлекеттік сатып алуды орталықтандырамыз. Бұл жөнінде арнайы бөлім ашылады. Оқушыдан елінің ертеңіне айналар тұлға тәрбиелеуде ата-ана мен ұстаз тығыз байланыста болуы керек,-деді С.Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT