«Нұршуақ» бөбекжайының ағылшын тілі пәні мұғалімі Макарова Райса Мәлікқызының әрбір жұмыс күні балғын бөбектердің санасына шетел тілінің алғашқы ұғымдарын сіңіруден басталады. «Еркін елдің ертеңі кемел білім мен кемел ғылымда»,-деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзін ту етіп ұстанатын Райса Мәлікқызы үш тілді меңгерген, білімді ұрпақ қалыптастыруды өзінің басты ұстаздық міндетім деп есептейді.
Сәбилердің жүрегіне білім шамшырағын жағып, бала жанының бағбаны болу – ең тәтті де ауыр міндет екенін өте жақсы түсінетін және тарыдай болып балабақша табалдырығын аттаған бөбектің жылдан-жылға есейіп, таудай азамат болып өркениетті елдің ұланы боларына сенетін жас ұстаз қызмет еткен жылдары ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, кәсіби байқауларға қатысып, талай мәрте жүлделі оралып жүр.
2014 жылы «Құзыреттілік-шығармашыл тұлға қалыптастыруға бағытталған сапалы білім беру негіздерінің бірі» тақырыбымен өткен аудандық педагогикалық оқуда бірінші орынға, облыстан екінші орынға, облыстық «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған орыс, ағылшын тілдерінің баламалы бағдарламасы» байқауында екінші орынға ие болды.
«Жастар жарқын болашаққа» атты атаумен өткен аудандық жастар форумында Махамбет ауданы бойынша «Үздік жас тәрбиеші» номинациясына ие болған Райса Мәлікқызы Bilimger.kz, Мектеп ұстаздарының әлемі сайттарына мақалаларын жариялап, құрмет грамотасы мен сертификатқа ие болды.
2018 жылы шабыт білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген педагогтер арасындағы «Педагогтің үздік портфолиосы» интернет байқауының жүлделі екінші орынға, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында көнені жаңғырту мақсатында бөбекжай қызметкерлері арасында өткен «Шебердің қолы алтын» байқауында бірінші орынға ие болып жеңіске жетті.
Бүлдіршіндерге ағылшын тілінен дәріс берумен қатар жас ұстаз педагогикалық басылымдарға мақалалар жариялап, өз іс тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырады. Отбасы және балабақша журналында, Тағылым республикалық ғылыми-әдістемелік журналында, «Ұстаздық еңбек» республикалық салалық кәсіподақ газетінде мақалалары жарияланса, аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде 2011 жылдан үзбей жазбалары жарық көріп келеді.
Сонымен бірге 2018 жылы қазан айында Атырау облысы Білім беру басқармасы әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі ұйымның жыл маманы» байқауы өткізілді. Байқауға Атырау облысына қарасты барлық аудан мамандары қатыстырылды. «Нұршуақ» бөбекжайының ағылшын тілі пәні мұғалімі Макарова Райса қатысып, тек бөбекжайдың емес, сонымен қатар аудан намысын қорғап, жүлделі 2 орынмен марапатталды.
Бұл жетістік оның жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру ісіндегі үздіксіз еңбегі мен ізденістердің нәтижесі. Құрмет иесі – әріптесіміздің заман талабына сай жүргізген шығармашылық жұмыстары, кәсіби біліктіліктері, өткізген әрбір шаралары бәрімізге үлгі -өнеге.
Гүлназ МАСАЛОВА,
«Нұршуақ» бөбекжайының әдіскері.