ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АУДАНЫМЫЗДА БІР САЛАДА, ТІПТІ, БІР ҰЖЫМДА ТАБАН АУДАРМАСТАН ОТЫЗ ЖЫЛ БОЙЫ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАНДАР ТУРАЛЫ АЙТУДЫ ЖӨН КӨРДІК.
Қиыншылығы мен қызығы бір басқа жетерлік мамандық атаулының абыройлысы ұстаздық десек қателеспейміз. Бар білгенін балаға үйретуде өз уақытын аямайтын ұстаздар қауымының еңбегі қандай құрметке де лайық.
Бұл мақалада отыз жыл бойы білім саласында еңбек етіп, өз ісінің хас шебері атанған ұстаздарымыз – Назымгүл Мұхамбетқалиева мен Гүлбаршын Жүсіпова жайында айтатын боламыз.
Аудан орталығында орналасқан көп жылдық тарихы бар, талай таланттың талабын шыңдаған З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі өз жұмысын 1973 жылы бастаған. Осы мектепте еңбек жолын 1991 жылы домбыра-тенор сыныбының мұғалімі болып бастаған, бүгінгі таңда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқан – Назымгүл Мұхамбетқалиева Саясатқызы. Ол оқушыларға көркемдік білім беру мен эстетикалық тәрбиені халықтың ұлттық мәдени мұрасымен байланыстырып, оны дамыту бағытында үлкен үлес қосып жүрген ұстаздардың бірі. Осы еңбек еткен жылдар аралығында өзінің білімділігі мен жігерлігінің арқасында өзі де, шәкірттері де жоғары жетістіктермен танылды. 1998-2000 жылдар аралығында аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағының төрайымы қызметін атқарып, Республикалық «Құрмет грамотасына» ие болған. Қазіргі таңда аудандық «Атамұра» ұлт- аспаптар оркестрінің белді мүшесі. Оқушылары республикалық, облыстық байқаулардың лауреаттары. «Ақ көгершін» халықаралық конкурстарында О.Нұрланұлы, Н.Ерболатов лауреат атағын алса, 2017 жылы Нияз Нұрислам «Бас жүлдені» жеңіп алып, 2018 жылы Астана қаласында өтетін байқауға жолдама алды. Назымгүл Саясатқызы аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы», Республикалық «Үздік ұстаз» дипломдарының иегері. «Өнер мен музыкалық педагогиканың өзекті мәселелері, дәстүрлер, инновациялар» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми–тәжірибелік конференция аясында өткен шеберлік сағатына қатысып сертификат алған. «Жаhандық бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дамытудағы инновациялық технологиялардың тиімділігін арттыру жолдары» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің педагогикалық оқуларының облыстық кезеңінде үшінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Қазіргі таңда облыстық, аудандық педагогикалық оқуға, курстарға қатысып, өз білімін әрі қарай шыңдай түсуде.
- Әлі есімде 1992 жылы Алматы қаласында Тәуелсіздіктің 1 жылдық торқалы тойына саз мектебінің жанынан құрылған «Достық» фольклорлық ансамблінде өнер көрсетіп қайттық. «Мен еліме не бере аламын?» деген сөз менің өмірлік ұстанымым болатын. Соның нәтижесінде еліміздің ертеңгі болашағы жас өрендерді тәрбиелеуге, талантын танып, талабын шыңдау жолында бар күш-жігерімді арнап келемін. Бұл – менің Тәуелсіздікке қосқан титтей үлесім деп білемін, - дейді Назымгүл Саясатқызы. Оқушыларға қосымша білім беруде, жас ақындардың өз бетімен дамуын қалыптастырып, жаңа интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізе білген жоғары санатты ұстаз, педагогзерттеуші Гүлбаршын Жүсіпова. Ол 1991 жылы Гурьев педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы, 2011 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемелекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1991-2021 жылдар аралығында жалпы білім беру, кәсіптік білім беру, қосымша білім беру салаларында қызмет атқарды. Еңбек жолын Жылой ауданы №13 Ю.Гагарин атындағы орта мектебінен бастаған. 1995 жылы Атырау облыстық әкімшілігінің халыққа білім беру басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Ол «Оқушы шығармашылығын дамыту арқылы айтыс өнеріне баулу» тақырыбында «Ақберен» жас ақындар шығармашылық клубымен 30 жыл бойы жұмыс атқарып, оқушылардың өңірлік, республикалық сайыстардағы қызметіне басшылық жасай білді. 2007 жылы Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің штаттық негіздегі оқытушысы болып жұмыс жасай жүріп, 2009-2011 жылдары «Құқықтану» бөлімінің меңгерушісі, 2011-2014 жылдары «Ақпараттық- техникалық» бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 2010 жылы «Ақберен» жас ақындар клубының ақындары облыстық «Халелді жырлау» тақырыбымен өткен айтыста ІІ орынды иемденді. Бірнеше түлектері облыстық республикалық газеттер мен телеарналарда журналист- тілші қызметтерін атқарады. Гүлбаршын Саламатқызы 2010 жылы екінші мәрте Атырау облыстық Білім беру басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2018 жылдан бастап күні бүгінгі дейін Махамбет ауданы З.Ещанова атындағы аудандық балалар өнер мектебіне ақын сыныбының мұғалімі бола жүріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Білім беру жүйесінде жас мамандардың педагогикалық және ғылыми біліктіліктерін дамытуда білікті әдіскер бола білді.
Сонымен қатар, ақындар сыныбына бағдарлама жасақтаған оның биылғы жылы «Жібек сезім» атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты.-Менің еңбек жолым Тәуелсіздікпен бірге түлеп келеді. Осы жылдар ішінде мен де шыңдалу, ширау, өсу жолдарынан өтіп, тәуелсіздік түлеткен төл өнеріміз –айтысты өзімнің шығармашылық тақырыбыма айналдырдым. Оқушыларға білім берумен қатар ақындық өнерге баулып, тәуелсіз елдің рухты, елжанды ұрпағы етіп тәрбиелеу еңбек жолымның маңызды бір арнасы болды. Томағасын сыпырып, айтыс алаңына қосқан жас қыран-таланттардың тәуелсіз елдің тамаша көріністерін жырлап, қанжығасы майланып қайтқанын көру –менің шығармашылық бақытым. Осындай нәтижелі жұмыстар менің педагогикалық қоржынымды марапаттармен толтырды, - дейді Гүлбаршын Саламатқызы. Білім өресі биік, рухани бай, парасатты, бойында адамгершіліктің асыл қасиеттері қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Назымгүл Саясатқызы мен Гүлбаршын Саламатқызы өткен қараша айында облыстық білім беру басқармасының ұйымдастырған форумында отыз жылдық еңбек өтіліне орай марапатқа ие болды. Ұлағатты ұстаз, аяулы ана, сүйікті жар атанып отырған қос ұстазды ел Тәуелсіздігі қарсаңында еншілеген марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Б.САПАРОВА