Елімізде IT саласы мектеп қабырғасынан бастап оқытылады.
Облыстағы білім беру ұйымдарында 55 робототехника кабинеті, 56 IT-кабинет, 37 STEM кабинет оқушылардың заманауи білім алуына мүмкіндік береді. Ал Махамбет ауданындағы мектептерде 7 IT-кабинеті, сондай-ақ Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде және Жалғансай, Қосарал орта мектептерінде STEM кабинеті жұмыс жасайды.
STEM – физика, математика, информатика, технология пәндерін біріктіру нәтижесінде пайда болған және қарқынды дамып келе жатқан пән. Қосарал орта мектебіндегі STEM кабинетінің меңгерушісі Ануар Изтелеуовтің сөзінше, оқушылар зертханада Lego, Mindstrom, Arduino бойынша бағдарламалау және 3D модельдеу, 3D принтингті үйренуде.
– Оқушылардың қызығушылықтарын дамытып, баланың өз бетінше ойлап, теорияны практикамен ұштастырып, келешекте мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру мақсатында 2019 жылдан бері мектебімізде STEM лаборатория кабинеті жұмыс жасап келеді. Бұл кабинетте білім алу арқылы оқушылар дрон ұшырып, робот құрастырады. Ғылыми ізденіспен шұғылданып, цифрландыру жағдайында бағдарламалар құрып, робототехника сияқты салаларға дағдылануына зор мүмкіндік береді,- деді STEM кабинетінің меңгерушісі А.Изтелеуов.
Сонымен қоса «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарын цифрландыруды жүзеге асыру мақсатында 2018 жылы Қосарал орта мектебінде IT-сынып ашылды. Содан бері 8-16 жас аралығындағы оқушылар робототехника саласын және бағдарламалау негіздерін үйренуде. Сондай-ақ Web сайттар ашып, робот құрастыру және оны басқару, 3D принтинг және тағы басқа жеке жобаларды да меңгеріп келеді. Информатика пәнінің мұғалімі, IT-кабинетінің меңгерушісі Құрманғазы Қонысовтың айтуынша, оқушыда ынта болса кез келген дүниені жасап шығуға болады.
– Мектепте IТ-сыныбы ашылғалы оқушыларға Scratch, Inkscape, 3D модельдеу және өзге де бағдарламалар бойынша жұмыс жасауды үйретіп келеміз. Оқу-инновациялық технологияны меңгеруге жас таланттардың білімін арттыратын IT-сыныпта оқушылар инженерлік математика, робототехника және түрлі модель бағытында жобалар жасайды. IT-сынып заманауи құралжабдықтармен жабдықталған. Осындай барлық жағдай жасалған кабинетте оқушылар өз қиялындағы дүниелерді жасап, сәтті туындысын ұсынып жүр,- деді Қ.Қонысов.
Бүгінде кадр тапшылығы — IT саласындағы елеулі проблема. Әзірлеушілер тек IT-компанияларға ғана емес, бәріне де қажет және болашақта жағдай түбегейлі өзгеруі екіталай. Ақпараттық технологиялар қарыштаған мына заманында IT саласын дамытпасақ, алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы да сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ