Қазіргі таңда елімізде оқушы жастардың кітап оқымайтыны туралы жиі айтылатыны жасырын емес.
Жалпы, оқушылар кітап оқымай ма, әлде мектеп оқушылары қызығып оқитын көркем әдебиеттер жоқ па деген сұрақтың да ойға оралатыны анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды.
Оқу – біздің балаларымыздың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуға, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі һәм адамды тәрбиелейді және рухани байытады. Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, біз алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп, жұмыс істеуді қолға алмақпыз.
Махамбет аудандық білім бөлімі де «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асырудың жоспарын жасақтап, іске кірісті. «Оқуға құштар мектеп» жобасы сәтті іске асатын болса, еліміздегі ақын-жазушылардың кітаптары көптеп басылып шығып, ел арасына кең тарайтын болады. Алдағы уақытта «Оқуға құштар мектеп» жобасы кітапқұмар ұлт деген мәртебелі атымызды қайтаруға септігін тигізетін игі бастама деуге болады.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында аудан мектептері кітапханалары бастауыш сынып оқушылары ата-аналары арасында «Балалық шағымның кітаптары. ата-аналар оқуға кеңес береді» атты бейнечелленджді өткізу де көзделуде.
Атап өткен міндеттерді шешу тек мектептердің ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді. Сондықтан бұл жұмыс қоғам тарапынан қолдауға ие болады деген үміттеміз.
Н.ЕРМЕКБАЕВА, аудандық білім бөлімінің кітапхана ісі әдіскері