Қашықтан оқыту заман талабына сай дегенмен де, қиындықтарға тап келіп, бастапқыда ұстаздар да, ата-ана мен оқушылар арасында түсінбеушіліктер туындағаны жасырын емес.
Әсіресе, интернет желісінің жылдамдығының төмендігі, қажетті оқу платформасының жоқтығы мен құрылғылардың жетісіпеушілігі күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналған-ды. Биылғы жаңа оқу жылында BilimLand, DarynOnline, Kundelik.kz танымал платформалармен жұмыс жасау жолға қойылды. Қай платформаны таңдағысы келсе, ол мектептің өз еншісінде.
Махамбет аудандық білім бөлім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызы:
- Аудан мектептерінде 78 кезекші сынып ашылып, 955 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Есбол орта мектебінен өзге білім ошақтарында кезекші сыныптар ашылды. Еңбекшіл негізгі мектебі ғана штаттық режимде жұмыс жасауда. Қашықтан оқитын оқушыларға, оның ішінде бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, осал санатқа жататын отбасылардан шыққан, оқуда үздік оқушыларды қашықтан оқытуда компьютерлік техникамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігерлермен келісім-шарт жасақтады. Бүгінгі күні облыстық білім беру басқармасы тарапынан Махамбет ауданына 273 планшет келіп, әр мектептің сұранысына қарай бөлінеді. Айта кететін жайт, бұл құрылғыларға инвентарлық нөмірлері салынып, қашықтан оқыту кезінде ғана беріледі. Дәстүрлі оқыту форматына көшкеннен кейін мектеп әкімшілігіне кері қайтарылады. Сондай-ақ алдағы уақытта 1201 ноутбук пен 200 компьютер келеді деп жоспарланып отыр,- дейді.
Аудан мектептеріндегі жағдаймен таныспақ мақсатта Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясына бас сұғып, оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірмеу үшін барлық сақтық шаралары жасақталғандығына көз жеткіздік. Оқушылар мектепке дезинфекциялаушы тоннельден өтіп, арнайы кілемшеге аяқтарын сүртіп кіріп жатыр. Мектептің медбикесі, оқушылардың қызуларын тепловизормен өлшеп қабылдайды. Бірнеше жерге санитайзерлер қойылған, антисептиктер жеткілікті. Әрбір сынып бөлмесінде ара қашықтықты сақтау белгілері көрсетілген.
- Биылғы оқу жылын күрделі жағдайда бастасақ та, білім алушылардың саны жылдағыдан кеміген жоқ. Нақтырақ айтсақ, 0-11 сыныптар бойынша 24 сынып комплектісі жасақталып, барлығы 439 оқушы білім алуда. Жалпы 54 педагог білім нәрімен сусындатуға кірісті. Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым кеңесе отырып, BilimLand оқу платформасының MektepOnline форматымен жұмыс жасау ұйғарылды. Мұнда пәндер бойынша жаңартылған бағдарламаға сәйкес әзірленген интерактивті сабақтар, видеокөрсетілімдер, түрлі тапсырмалар молынан қамтылған. Сабақ тақырыбы мен мазмұнына сәйкес мұғалімдер Zoom, WhatsApp желілерін қолданып, сабақ жүргізуде. Мектептегі 345 оқушы мен 37 тәрбиеленуші қашықтан оқуды бастап кетті. Ал 1-3 сыныптарға 4 кезекші сынып ашылып, барлығы 57 оқушыға кезекші сыныптарда оқыту ұйымдастырылған,-дейді мектеп директоры Талшын Ғабитқызы.
Мектеп директорының айтуынша, мемлекет пен демеушілер тарапынан көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қолдау көрсетілуде. ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысын басшылыққа ала отырып, құжаттар қабылданып, жан басына шыққанда табысы мен төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылар мен тәрбиеленушілеріне міндетті оқу қорынан 52 отбасының өтініші қанағаттандырылып, 94 оқушыға 35 мың теңге қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен қатар демеушілікпен екі оқушыға роутер, білім беру ұйымы тарапынан көмекке мұқтаж 20 отбасының балаларына қайтарымды келісімшарт негізінде мектеп иелігіндегі 16 моноблок пен 4 ноутбук берілген. «Мектепке жол» акциясы бойынша Atamekenim.kz сайтына тіркелген аз қамтылған, көмекке мұқтаж 18 отбасы, 31 оқушы демеушілер есебінен көмек берілуде.
Кезекші сыныптарда білім алатын оқушылардың ата-аналары да вирустан қорғану шараларын күшейтіп, қойылған талаптарды дұрыс түсінуі маңызды. Сапалы білім алу үшін сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны әрине, бөлек! Президент тапсырмасына сәйкес, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне толық көшетін күннің де ауылы алыс емес.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ,
суреттер автордікі