Махамбет ауданының оқушылары «Зерде» шығармашылық жобалар конкурсында топ жарды

Ауданда оқушылардың танымдық қызығушылықтары және зияткерлік -  шығармашылық  әлеуетін ынталандыру,  ерте жасынан дамыту,  дарынды  балаларды  айқындау,  оларға қолдау  көрсету,  үздік жетістіктерін  насихаттау мақсатында онлайн форматта 1-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» шығармашылық жобалар конкурсының аудандық кезеңі өткен болатын.

Байқау ережесіне сай, оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі  мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика – информатика, физика және техника, медицина мен психология, тарих – өлкетану, этномәдениеттану, химия-биология, экология-валеология, робототехника тақырыптары ішінен ғылыми жұмыс дайындауы қажет. Конкурсқа ауданға қарасты мектептерден барлығы 30 оқушы қатысуға өтініш білдіріп, жобаларын ұсынды. Зерттеу жұмыстарының тақырыптары сан салалы. Ал аталмыш конкурстың облыстық кезеңіне ауданнан 5 оқушының  жобасы ұсынылған болатын. Қараша айында онлайн түрде өткен  конкурстан Есбол  орта мектебінің  3  сынып оқушысы Махамбет Кеңесбайдың «Бөдене жұмыртқасы және оның пайдасы туралы» жобасы жүлделі І орынды иеленді. Бұл жөнінде ұстазы, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері, педагогзерттеуші Нәйла Төребаева толығырақ айтып берді.

- Махамбет - сыныпта оқу үздігі. Ұйымшыл, тиянақты, ізденімпаз қасиеттерімен көзге түскен оқушыларымыздың бірі. Ол жуырда «Зерде» конкурсының республикалық кезеңіне жолдама  алды.  Ғылыми  жұмысында  бөдене  жұмыртқасының пайдасы, оның емдік қасиеті жөнінде нақты түсіндірген. Ауылымыздағы бөдене жұмыртқасымен емделіп жатқан адамдармен байланысып, бөдене құсын өсіруді кәсібіне айналдырған кәсіпкер Жалғас Елубайұлымен сұхбаттасқан. Бұдан оқушының ізденімпаздығын, тақырыпқа  деген қызығушылығын  көруге болады. Махамбеттің дайындаған ғылыми жобасы әлі де тың жаңалықтармен толықтырылып, алдағы байқауда лайықты бағасын алады деген сенімдемін, -дейді Нәйла Отарғалиқызы. Облыстан жүлделі ІІ орынды иеленген – Қ.Қалыбеков атындағы  мектептің  5  сынып оқушысы  Асылай  Айса. 

Ол симметрияны зерттеу бағытында «Симметрияның таңғажайып әлемі» атты тақырыпты таңдаған. Жобаның ерекшелігі сол, ол өз қолымен дайындаған қазақтың  ұлттық бас киімі сәукеле мен белбеуінде  симметрияны ұтымды пайдалана білген.  Оған қоса анасымен бірге көрпешелер бетіне симметриядан ою-өрнектер құрастырған. Бұл тақырыпты терең зерттеуінің нәтижесінде симметрияның күнделікті өмірде өте көп қолданылатынын дәлелдеп берді.

Айта кетейік, жас зерттеушінің жобасына жетекшілік еткен Қ.Қалыбеков атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі, шебер-педагог Ағила Наурызованың да үлесі орасан. Сонымен қатар Асылай жақында ғана өткен «Ақбота»  зияткерлік  олимпиадасының  жеңімпазы  атанып, І дәрежелі дипломға ие болды.

 

Б.МӘЛІКҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT