Елдегі төтенше жағдай ең алдымен, оқушылар мен мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында барлық білім беру орындарының бір күнде жабылып, қашықтықтан оқуға көшуі алғаш рет. Шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, онлайн оқудың да өзінің артықшылықтары бар екен. Алайда, дәстүрлі сабаққа әбден төселіп, мектепті екінші үйіне балап кеткен ұстаздар мен шәкірттердің бұл өзгерісті жатсына жүріп қабылдауына да белгілі бір уақыт керегі сөзсіз.
Онлайн оқыту үлкен қаржыны талап етті
Мәселені тиімді жолмен шешуге тырысқан министр Асхат Айтмағанбетовтің өзі:
- Қашықтықтан білім беру оңай шаруа емес. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда технологиялық мүмкіндіктерді пайданалып, білім берудің жаңа үлгісіне көшу қажет. «Теледидар арқылы сабақ өткізу бұл - тіптен жаңа формат. «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет. Мен кеше түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияда болдым. Сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобы әрбір шығарылымды мұқият пысықтауда. Біздің ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруде. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылуда. Бұл оңай іс емес екенін бірден айтқым келеді-, деп басын ашып ашып айтқан еді.
Осы ретте мамандар интернет-провайдерлермен арнайы мамандандырылған интернет-платформаларды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнатып, көптеген ірі платформалар қызметтерін тегін ұсынған. Атап айтқанда, Google Classroom, Hangout, Kundelik.kz, Moodle жүйелері тегін қолданысқа мүмкіндігін берген. Сонымен қатар Bilimland платформасы 40 мыңнан астам контентін тегін пайдалануға келіссе, барлық онлайн сабақтар мен конференциялар алғашқы аптада ZOOM платформасы арқылы жүзеге асып отырды. Бірақ, ата-аналар жиналысы мен жалпы оқушылардың дайындығына, сынама сабақтарға арналған осы алғашқы аптаның өзінде интернет желісінің ақаулықтары анық байқала бастады, тіпті кедергі келтірді десе де болады. Өйткені, бір уақытта бірнеше мың адам ZOOM платформасы арқылы онлайн байланысқа қосылғанда әртүрлі трафик арқылы қосылған интернеттің жұмысы баяулап, сеть жоғала бастайды. Бұл бірінші мәселе болса, екіншіден, қашықтықтан білім беруге көшіру кезінде әр оқушыны, қала берді мұғалімді қажетті құрал-жабдықпен, яғни компьютер, оған қосымша веб камера, микрафон немесе смартфонмен қамтамасыз ету және интернет желісіне қосу үлкен күш пен қаржыны талап еткені рас. Бұл мәселені де әр облыс, әр қала, әр аудан, әр мектеп, әрбір сынып жетекшісі өзінше шешуге тырысып, кейбір әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың жағдайында жергілікті әкімдіктің қолдауына жүгінді. Мәселен, бір үйдің, мектеп жасындағы 3 баласы болса, оларға күнделікті сабаққа қажетті оқу-құралынан бөлек енді, онлайн оқуға компьютер мен телефон алып беруге бәрінің бірдей шамасы келмегені рас.
Интернет желісінің шамасы жетпеді
Осының барлығын ескеріп, онсызда карантинде қиналып отырған елді, онлайн оқумен әбігерге салмаудың оңтайлы жолын тапқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірер күн бұрын мынадай мәлімдеме жасады:
- Біздің еліміздегі интернет 2,5 миллион баланың эфирге шығып, қашықтықтан оқуына бейімделмегенін көріп отырмыз. Сондықтан біз сабақ онлайн режимінде немесе стриминг арқылы өткізілмейді деп шештік. Біз негізінен басқа механизмдерге сүйенеміз. Бұл - мессенджерлер, электрондық пошта, арнайы бағдарламалар. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде мұғалімдерден ешқандай есептілік алынбайды. Біз бюрократиядан арылуымыз керек, - деп сөзін түйіндеді министр.
Яғни қашықтықтан оқытудың жаңа форматы мынадай:
1. Телесабақтар арқылы. Бұған арнайы «Балапан», «Ел арна» каналдары жұмыс жасайды. Әр сабақ 10 минуттан, аптасына 5 күн жүргізіледі.
2. Интернет-платформаларды пайдалану. Ватсап, электронды пошта арқылы тапсырмалар мен жауаптарын жіберіп, кері байланыс жасап отыру.
3. Пошта арқылы немесе қолма-қол қағаз тасымалдаушылармен жіберу. Жоғарыда аталған мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын оқушыға пошта қызметі арқылы тапсырма хат түрінде үйіне жеткізіледі. (біздің аудандағы Қазпоштаның хат тасушылары жоқ болғандықтан, бұл жұмысқа еріктілер жұмылдырылады)
Ата-ананың қолдауын қажет етеміз
Жаңа форматқа аудандағы мектеп ұжымдары мен оқушылардың дайындығы және сабақтардың уақыты мен педагогтарға қойылатын талаптар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызы баяндап берді:
-Күні кеше Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес онлайн режимдегі оқыту жүйесін жаңа форматқа көшірдік. Бұл әдіс, әлбетте алдыңғыға қарағанда қолайлы әрі тиімді бола түсті. Онлайн оқудың алғашқы аптасында тек біздің облыс, ауданда ғана емес, бүкіл ел аумағында интернетке қатысты техникалық қиындықтар туындап, біраз жоспарға кедергі келтірді. Ендігі жаңа формат мұндай қиындықтарды толығымен жояды деп сенеміз. Өйткені, оқушыға да, мұғалімге де барынша еркіндік беріліп жатыр. Сабақтың уақыты икемді, яғни ата-анаға да, балаға да ыңғайлы сағатқа келісіммен қойылып өтеді. Аудандағы 15 мектеп түгелдей дерлік алғашқы аптада дайындық қамына кірісіп, оқушылармен байланыстың барлық түрін қарастырып қойғанбыз. Егер ата-ана баласын интернет жүйесі арқылы сабаққа қоса алмаса, бізге жергілікті пошта қызметі көмекке келеді. Мектептердің оқу жұмыс жоспарына сәйкес төртінші тоқсанның барлық оқу пәндері 100% өткізіледі («дене шынықтыру», «Көркем әдебиет» және т.б. ). Педагогтардан басты талап етілетіні оқушылардың сабақ жоспарынан қалыс қалмауын қадағалау, жан-жақты ізденіс арқылы сабақтарды, тапсырмаларды мейлінше қызықты етіп ұйымдастыру. Осы орайда біз барлық мектеп директорларына, ұстаздар қауымына үлкен сәттілік тілеп, алғысымызды айтамыз. Ата-аналарымыз да қашанда түсіністік танытып, баланың білім алуына жағдай жасап, уақытын зая кетірмеуін қадағалап, қолдау көрсетеді деп сенеміз. Өйткені, білім алдымен сіздің балаңызға, оның болашағына қажет.
Мұғалімнің жүгі жеңілдейді
Иә, министр айтқан жаңа форматта мұғалімнің біраз жүгі жеңілдейтін болады. Тоқсан сайын үйме-үйме қағаздың астында қалатын олардың жайын енді мемлекет те, мектеп те түсініп, мейлінше қосымша есеп-қисапты да қысқартпақшы. Бірақ, ата-ана да, оқушы да өзіне қажет уақытта мұғаліммен байланысып, сұрақтарын қойып, түсінбегенін нақтылауға рұқсат. Қашықтықтан оқытудың бір жеңіл тұсы да осы – қатып қалған график, қағидат жоқ. Бастысы-бала білімін алып, мектеп программасын игеруі қажет.
Әсия Тажбентай, Атырау облыстық көмекші мектеп-итернатының логопед-маманы:
- Қашықтықтан оқытудың қай форматы да дәстүрлі сабаққа, оқушымен бір аудиторияда отырып білім беруге жетпейді. Дегенмен, бұл уақытша өзгеріске де тез бейімделіп кеттік. Мен қызмет ететін арнаулы мектептің оқушыларына соңғы формат ыңғайлы деп ойлаймын. Қажеттілік туындаса біз онлайн конференцияға да қосыламыз. Ал, күнделікті сабақтарға Whatsapp мессенджері арқылы слайдпен тапсырмалар беріп, теледидардан қарап үлгеріп отырмыз.
Бастапқыда қиындық көрдік Шынар Нәсіпқалиқызы, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің география пәні мұғалімі:
-Аяқ асты төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқытуға көшу бастапқыда қиын болғанын жасырмаймын. Әрі мұғалім, әрі көпбалалы ана ретінде, үйіміздің тарлығы, интернеттің баяулығы жұмыс жасауға кедергі келтірді. Соған қарамастан мектептен құрылғы алдырып, барынша сабақ жоспарынан қалмауға тырыстық. Алғашқы форматта телефон ар жағында отырған оқушыларды игеру, оларды жүйеге уақтылы қосу да оңай болған жоқ. Қазір, теледидар мен түрлі месенджерлер арқылы жұмыс жүргізіп жатыр. Әйтсе де, осы ретте ата-ананың үлкен жауапкершілігі қажет. Бала сабаққа немқұрайлы қарап, көшіріп алуға, әсіресе БЖБ, ТЖБ кезінде жауаптарды бір-бірінен алуға бейімделіп кетпегені дұрыс. Оқушының жауапкершілігі төмендеп кетпеуі үшін ата-ананың темірдей тәртібі, үздіксіз қадағалауы қажет.
А.САТАЕВА
Сурет:дереккөз