Махамбет ауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

1 қыркүйек – Білім күні Махамбет ауданында 600 орындық жаңа мектеп пен 300 орындық интернат пайдалануға берілді.

 Жаңа мектептің ашылуы – ауыл халқы үшін маңызды оқиға. Білім ошағының құрылысы 2021 жылдың қыркүйегінде басталып, тура 2 жылдан кейін қолданысқа берілді.

Жаңа білім ордасына «апатты» деп танылған Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясы толықтай көшірілді. Мектеп-интернат ғимаратының бір бөлігіне Зәмзәм Ещанова атындағы өнер мектебі орналасса, бір бөлігіне Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектебі интернатының 25 тәрбиеленушісі орналастырылады. Жаңа мектепке оқуға тілек білдірген алыс-жақын ауылдардағы мектеп оқушыларына да интернатта жатып оқуға мүмкіндік бар. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жаңадан пайдалануға берілген нысанның лентасын қиып, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды Білім күнімен құттықтады.

 – Мектеп құтты болсын! Жақсы білім алып, осы мектептен жақсы азамат болып шығатындай сіздерге тәрбие берсін. Мектептің айнасы – ұстаз. Ұстзадан үлкен жауапкершілік талап етіледі. Ескі мектепте сынып жетіспеушілігі болса,жаңа мектепте мұның бәрі қамтылған. Соған орай жаңа оқу жылын ұстаздар жаңа көрсеткішпен аяқтайды деп сенемін. Жаңа оқу жылы құтты болсын!,- деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясында 31 сынып комплектісінде 630 бала оқиды. Бастауыш сынып оқушылары бір ауысымда, жоғары сынып оқушылары екі ауысымда білім алады. Үш қабатты мектеп ғимаратында акт залы, асхана, спорт залы және технология кабиниеті бар. Мектеп ауласында стадион, баскетбол, жүгіру алаңдары орналасқан. 

Айта кету керек, бүгінде Махамбет ауданында 15 мектеп, 16 балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы және 1 Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті  жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында 1-11 сынып аралығында 5900 оқушы білім алады. 620 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оларға аудан бойынша 1048 педагог тәлім береді. Барлық мектеп толықтай компьютерленген, интерактивті тақталармен және жаңа үлгідегі пәндік кабинеттермен, интернетпен жабдықталған. 4 мектепте STEM-зертхана, 5 мектепте ІТ-сынып жұмыс жасауда.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521