Мұғалім мәртебесі: мүмкіндіктер мен жеңілдіктер елімізде мұғалім мәртебесін арттыратын заң жобасы әзірленді

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай елімізде тәжірибелі мұғалімдердің, ғалымдардың, салалық кәсіподақ жетекшілерінің, заңгерлердің қатысуымен «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы әзірленіп, көпшілік талқылауынан өтті.

Алты тараудан және жиырма бір баптан тұратын заң жобасына ұстаздарды 30 жылдың еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығару, жалақысын көбейту, үздік ұстаздарды ынталандыру, жүктемелерін азайту, мұғалім құқығын қорғау, бастапқы жарнасыз жеңілдікті несие бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе қызметтік тұрғын үй мен жатақхана алуға мүмкіндік беру секілді көптеген жағымды ұсыныстар енгізілген. Аталған заң жобасы туралы махамбеттік педагогтар не айтады?

«Ұят», «Борыш», «Обал»

Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қызу талқыға салынып жатыр. Бұл жобада мұғалімдер мен тәрбиешілердің жағдайын жақсарту, денсаулығын сауықтыру, жалақысын көтеру, ерте жастан зейнеткерлік демалысқа жіберу т.б маңызды мәселелер қамтылған. Мен мұны өркениетке ұмтылыс, білім мен тәрбиеге құнды бетбұрыс деп қабылдадым.

Аталған заң қабылданар болса, ұстаздар қауымы үшін зор жетістік болары анық. Алайда ардагер ұстаз ретінде мұғалімдердің мәртебесін көтеру мәселесіне менің де қосарым бар.

Мұғалімдік мамандықты таңдаған адамға ең алдымен қажет нәрсе тазалық. Тана Малайсары айтқан:«Ұят», «Борыш», «Обал» осы үш қасиет мұғалімнің бойына сіңу керек. Балаға дауыс көтеру – мұғалімнің әлсіздігі. Баланың бойына сенім қалыптастыру, бірақ менменшіл болмауға үйрету мұғалім парызы. Әр мұғалім психолог болуы қажет. Мұғалім сыныпқа кіріп келгенде әр баланың көз жанарын шолып шығып, көңіл-күйін бір барлап алғаны дұрыс.

45 минут - мұғалім үшін аса жауапты уақыт. Сол уақытта "балапандарға не үйреттім?" деп күнде өз-өзіне есеп беруі қажет. Әр баланың мінез-құлқына арнайы күнделік жүргізсе, құба-құп болар еді. Менің әрекетім көрінбейтін жолдармен балаға жетіп жатыр деген ақиқатты әр кез мұғалім жадында ұстауы керек. Мұғалім балаша ойлап, балаша ойнап, солармен бірге қуанып, арадағы байланысты аса нәзіктікпен сақтаса міне, тәрбиенің тал бесігі осы болмақ.

Алғашқы еңбек жолымды бастаған кезімде мектеп директоры Ғинаят Шапауовтың: «Мұғалім болам десең біліміңді үнемі ұшта, ең бастысы мектеп пәндерінен түгел мағлұматты білімің болсын. Баладан кешірім сұрауды есіңе сақта!» дегенін әлі ұмытпаймын. Баланың мені тыңдауға зауқы болмаса, әуелі өзімді кінәлайтынмын. Қалайда сол баланың көңіл-күйін дұрыстамайынша өзімді қоярға жер таппайтынмын. Осы мәселені шешу үшін балалардан көмек те сұрайтынмын. Бірде-бір рет баланы ата-анасына жамандамай, керісінше әбес қылығын жою жолын ақылдастым. Баланың қуанышына елжіреп, қателігіне көмектесуге жол іздедім.

Қазіргі күні кездесіп жататын ата-ана мен мұғалім арасындағы түсінбеушілік, бала қатыгездігі мектептің кемшілігі. Әр мұғалім өзін осылай тәрбиелесе, мұғалім мәртебесі артқан үстіне арта түседі.

Самиғолла ЗИНОЛЛИЕВ,

ардагер ұстаз.

Қағазбастылықтан құтқарса екен

Қазіргі таңда мұғалімдерді қуантарлық жағдай белең алуда. Оның себебі, мұғалім мәртебесі туралы ұсыныстар қаралып, заң қабылдану жоспарлануда. Әрине, бұл алдымен мұғалімнің кәсіби жұмысына деген құштарлығын арттыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ қоғамда мұғалімнің мәртебесінің төмендеуі де жан ауыртарлық жағдай еді. Осыған дейін беделді, абыройлы жұмыс атқарған мұғалімдер қауымы үшін кәсіби мәртебесінің артуы үлкен сый болар еді. Себебі, қашанда бір бет қағазды алып ұшқан мұғалім мәртебесінің көтеріліп, оны құрметтеуінен артық сый да күтпесі анық.

Бірнеше жыл үздіксіз жұмыс жасаған мұғалімнің жасы келген шағында жас кездегідей сабаққа құлшынысы әрі денсаулығы да болмайды.Әбден шаршап қажыған ол сабақ беруге де қауқары болмайды. Міне, осы жағдайды ескеріп, жас шамасын есептей отырып, зейнетке шығу мәселесін қадағаласа, жақсы болар еді. Бейнеттің зейнетін көруге асыққан мұғалімдер заңның қабылдануын асыға күтуде. Сонымен қатар қозғалған бірнеше мәселелер де бар. Соның бірі - қағазбастылықтан арылу. Бұл да білім беруде аса артық жұмыс болып табылады. Кейде басы артық қағаздар оқушыға білім беруде үлкен кедергі болатын еді. Оның үстіне қазіргі таңда оқу процесі де түбегейлі өзгерді. Керісінше сол уақыт оқушымен жұмыс жасауға, оқу процесін дұрыс жүргізуге арналса, білімді ұрпақ шығады деп ойлаймын.

Аталған мәселе бойынша бірнеше оң пікірлер, пікірталастар қызу талқыға түсуде. Бұл заңды қалай реттеп шығарса да, ертеңгі келешектің қамы емес пе?! Болашақ жас ұрпақ осы мұғалімдердің алдынан білім мен тәрбие алады. Еліміздің ертеңіне сенетін жас ұрпағымыз білікті болсын десек, мұғалімдеріміз де сондай білікті, мәртебесі биік болу керек деп ойлаймын. Сондықтан ертеңіміз жарқын болу үшін мұғалімнің көңілі де жарқын болу керек.

Рая ТЕМІРБОЛАТҚЫЗЫ,

Ақтоғай орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Ұстазға да қорғаныш қажет

2018 жылдың 5 қазаны күні Елбасымыз "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасын әзірлеуге тапсырма берген болатын.

Ол Елбасымыздың тек қана мұғалімдерге емес, жастарға деген ерекше қамқорлығы деп білемін. Заң жобасы арқылы мұғалімді қорғайтын, қолдайтын талап енгізілмек. Заңға әртүрлі сайттарда, ұйымдарда өз ұсыныстарын қалдырушы мұғалімдер көп. Соның ішінде қазіргі уақытта өзекті болып отырған тақырыптар ол жалақы мөлшері, зейнеткерлікке 30 жылдық еңбек өтілімен шығу, бос қағаздардан, артық жұмыс функцияларынан арылту.

Әрине, бұның бәрі дұрысталса, ел арасындада мұғалімдік мамандыққа да қызығушылығы артатын жастар саны көбейеді деп ойлаймын. Мұғалім болу өте жауапты да қызықты мамандық. Бүкіл қоғаммен, адамдармен, бала тәрбиесімен тікелей араласып отырамыз. Ата-ана ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамаса, мұғалім өзі қадір тұтқан мамандығын ерекше бағаласа, бәрі өз орнында болар еді. Мұғалім мәртебесін көтеру үшін мұғалім мамандығын таңдаушылардың деңгейі жоғары болу керек деген ойым бар, ол үшін кездейсоқ емес үздік оқыған оқушыларды шәкіртақы немесе жеңілдіктермен тартса, нұр үстіне нұр болары анық.

Заң жобасындағы 30 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығару деген жолдар да көңілге қонымды.

Мемлекет басшысының осы жылды «Жастар жылы» деп атау туралы ұсынысын да ерекше айтып өткім келеді. «Ел келешегі – жастардың қолында» екенін үнемі айтамыз. 2019 жылы жастар тынбай еңбек етіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл үшін елімізде барлық мүмкіндіктер жасалмақ. Ендеше, жаңа ғасыр жастарының Қазақстанның өрлеуі үшін табысты еңбек етуіне еш кедергі жоқ.

Ізбасар ҒАНИҰЛЫ,

жас маман.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT