Көптен күткен қоңырау

Сыңғырлай соққан қоңырау үніне еліте келген балауса балғындар Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия ауласында сап түзеді. Қазақстан Республикасының 30 жылдығы қарсаңында мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше есте қалмақ. Сапалы білім, тағылымды тәрбие беріп, жарқын болашаққа бастар білім ошағындағы алғашқы қоңырау салтанатына аудан әкімі Ринат Жанқылыш та қатысты.

Мектептің өнерлі өрендерінен құралған трионың «Отаным – Қазақ елі» әнінен кейін мектеп табалдырығын аттаған балғындарға қошемет көрсетілді. Мемлекеттік ту асында сап түзеп, тік тұрып, оң қолдарын жүрек тұсына қойып, әнұранға оқушылар да қосылды. Мектеп-гимназияның табалдырғын биылғы оқу жылында 42 оқушы аттап отыр.

Жалпы Махамбет ауданындағы 15 мектептегі 320 сыныпты 5980 оқушымен дәстүрлі оқыту форматында бастады. Былтырғы оқу жылын аудан бойынша 268 түлек аяқтаса, олардың 63-і мемлекеттік грант иегері атанды.  Бір айта кетерлігі, осыдан төрт жыл бұрын облыс әкімінің грантына ие болған алты түлек бүгінде жас маман атанып, еңбек жолын аудан мектептерінен бастауға мүмкіндік алып отыр. Заманауи мектептердің санын көбейтіп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан орталығынан 600 орындық мектеп пен 300 орындық жатақхананың құрылысы басталды.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі бірінші сынып оқушыларына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша дайындалған «Әліппе» оқулығының қайта табысталуы болды. Аудан әкімі мектеп-гимназияның бүлдіршіндеріне «Әліппені» салтанатты жағдайда табыстап, сәттілік тіледі. Білім күніндегі ең толқылы ғажайып сәт – алғашқы қоңырау соғу құрметі жас бүлдіршіндер Мұрат Рамир мен Қалидолла Меңдіқызға жолданды. Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге Құндыз Әмірбайқызы және Айсәуле Талғатқызы жетекшілік етпек. Алғашқы қоңырау мерекесі 2021-2022 оқу жылының «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбындағы сабақпен жалғасты. Білім ошағын алғаш аттаған оқушыларға қадамдарыңыз сәтті болсын демекпіз!

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT