Атырауда ерекше балаларға 7000 сертификат тапсырылды (+ФОТО)

Білім күні қарсаңында Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов ерекше тәрбие мен білімді қажет ететін айырықша топтағы балаларды – қаладағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің бастауыш сыныбының бір топ шәкіртін салтанатты жағдайда қабылдап, оларға ерекше сый-сияпат жасады.

      Салтанатты шарада сөйлеген облыстың бірінші басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы:

      – Арнайы білім жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы біліммен қамту – мемлекеттік деңгейде маңызға ие мәселе. Ерекше балаларды психологиялық бейімдеу мен қоғамға кіріктіру мәселелерінен бастап, олардың өмірдегі орнын тауып, тұлға болып қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Осыған байланысты қоғам алдында ерекше баланың жеке басын үйлесімді дамытуға бағыттайтын келелі міндеттер тұр, – дей келе ерекше балалар үшін инклюзивті кабинеттердің жұмыс жасап жатқанын, алдағы уақытта арнайы орталық ашудың жоспарланып отырғанын баса әңгімеледі.

     Балаларды жаңа оқу жылымен құттықтаған облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы ерекше балаларға оқу құралы толы сөмке мен қаржылай сертификат табыс етті.

      «Күні кеше ғана ҚР Конституциясы мерекесін атап өткен еліміз Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Білім күнін қарсылауда. Әсіресе, бұл дата  республикада өткізіліп жатқан «30 қайырымды іс» акциясы аясында ерекше мәнге ие». Осылай деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова аталған акция біздің облыста 4 мәрте өткенін, оған кәсіпкерлер, волонтерлар, жеке тұлғалармен қатар «Ембімұнайгаз» АҚ басқармасының қаржылай қолдау-көмегі болғанын, соның арқасында 7500-дей баланың үлкен қамқорлыққа алынғанын баса атап өтті.

      Шарада, сонымен бірге, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова, ерекше оқушының анасы Гүлдәурен Арыстановалар сөз алып, барша оқушыға сәтті қадам тіледі.

     Облыстан бастау алған «Айналайын» қайырымдылық акциясы Атырау қаласы мен жеті ауданда өз жалғасын тапты. Сөйтіп, мектеп жасындағы және мектепке дейінгі ерекше балалар үлкен қолдауға ие болды. Олардың бәріне мектеп құралы мен қаржылай сертификат табысталды.

     Шараның соңында Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің оқушысы, ерекше бала Айбын Мақсотов «Мен – қазақпын!» әнін орындап, үлкен қошеметке бөленді.

img 20210831 wa0234
img 20210831 wa0240 1
img 20210831 wa0241
img 20210831 wa0240

Лиза СЕЙТІМОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT