Биыл екі жатақхананың құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады

Биыл апатты және тозығы жеткен деп танылған жатақханалардың орнына салынып жатқан екі жатақхананың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Нәутиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

-Өңіріміздегі проблемалық мәселелер қатарында тозығы жеткен апатты үйлер бар. Оның ішінде Атырау қаласындағы көппәтерлі 84 үй мен 2 жатақхана бар. Жыл аяғында дейін қазір құрылысы жүріп жатқан 2 жатақхана аяқталады деп күтудеміз, - деді Ә.Нәутиев.

Сонымен қатар, ол өткен жылы облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша әлеуметтік маңызы бар 4 ірі жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Олардың ішінде Береке ықшам ауданындағы 9 әлеуметтік тұрғын үй жобасы, Атырау қаласында көше жарығының құрылысы, «Сарыарқа» және «Нұрсая» ықшам аудандарындағы 2000 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылыстары бар.

Мәслихат хатшысының айтуынша, облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен бірқатар мемлекеттік бағдарламаның Атырау облысындағы орындалысы сессия қарауына шығарылған.

-Сондай-ақ, өңірдегі проблемалық мәселелер де мәслихат депутаттарының жіті бақылауында. Жалпы тұрғындармен кездесу барысында көтерілетін ұсыныс-пікірлер өте көп. Олар біртіндеп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді, - деді Ә.Нәутиев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT