Аудандағы білім ошақтарының бірінде «Эко-мектеп» жобасы қолға алынды

Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында «Эко мектеп» экологиялық жобасы қолға алынды. Жобаның мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылығын арттыру.

Оқушыларды жобаға тарту, бірге жұмыс жасау биология пәнінің мұғалімі Ақтолқын Сәлімжанқызы мен ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлім Моташеваға тапсырылған. Наурыз айында басталған жоба жұмысы мамыр айына дейін жалғаспақ.

5f655c72-55eb-4508-81a6-113eec9a7af7

- Мектепте жобаға арнайы бұрыш жасақталды. Жоспар бойынша іске кіріскен оқушылар мектеп ауласындағы құстарды тамақтандыруға арналған астаушаларды ағаш бұтағына орналастыру, қоқыс қалдықтарын сұрыптауға арналған контейнерлер орнату, қалдықтардан тұрмыста кәдеге жарайтын бұйымдар жасау, бөлме гүлдерін, мектеп ауласына жеміс ағаштарын отырғызу секілді бірқатар істерді атқаруда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін де оқушылардың экоәдеттерін жүйелі жалғастыру жоспарлануда. Жалпы ортақ үйімізді қорғауды, таза ұстауды әр адам өзінен бастауы керек деп есептеймін,- дейді жобаға жауапты А.Сәлімжанқызы.

Сонымен қатар 10 сынып оқушылары эко-шоппер тіксе, 4 сынып оқушылары экологиялық сауаттылығын жетілдіру мақсатында ғылыми жоба қорғады. «Second hand», яғни ескі киімдерге екінші өмір сыйлау, «ECO Fashion show» атты оқушылар арасында сән қойылымын ұйымдастыру да жоспарға енгізіліп, жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Командада мұғалімдермен бірге оқушылардан құралған 11 эковолонтёр бар. «Эко мектеп» жобасының белсенді мүшесі Есет Нәсіпқалидың сөзінше, қоршаған ортаны қорғау әрбір адамның қолынан келеді, тек ниет керек.

5c141f29-8af0-4afe-805c-32a0de15cc5a

- «Эко мектеп»  жобасы – қазіргі заманға сай бағытталған жоба. Бұл жоба өте қызықты әрі пайдалы деп айта аламын. Жоба оқушылар үшін білім беру процесін біріктіріп, ізденуге, қоршаған ортаны қорғауға деген өз әрекеттерін жүргізуге мақсатталған. Жоба қазіргі ұрпақты болашақта қоршаған ортаны аялап корғау бағытындағы сана сезімдерін тәрбиелейді. Мына жобада менің міндетім инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы онлайн әрі оффлайн форматта ұстазыма әрі әріптесіме көмек көрсету. Әртүрлі бейнероликтер жасап, табиғатты қорғау қызметіне қатысу да міндетіме кіреді. Жоба арқылы мен көп нәрсені үйреніп, әріптестеріммен, ұстазыммен командада жұмыс жасай бастадым. Онымен қоса қоршаған ортаны тағы да қалай қорғап көмектесуге болатыны туралы мәліметтер біле алдым,- дейді оқушы.

Айта кетейік, инстаграм әлеуметтік желісінде @eco. mektep__ аккунатымен жоба парақшасы жұмыс жасайды. Осы парақша арқылы «Эко мектеп» тынысын көпшілікке таныстырып, жариялап отыратын оқушылардың арасынан арнайы SMM менеджерлер таңдалып алынған. Солардың бірі – Диана Айтмағанбетова.

21ad0b3c-35ce-4534-8e56-6097fee9355a

- Қазіргі кезде адамзат экологиямызға немқұрайлы қараудың кесірінен табиғатымыз бүлініп, қоршаған ортаға зиян келтірілуде. Мұның соңы қауіпті апаттарға әкелуі мүмкін. Осының алдын алу үшін әр адам табиғатқа, қоршаған ортаға деген көмегін тигізуі қажет. Сол себепті «Эко мектеп» атты жоба ұйымдастырылды. Бұл қызық жобада неше түрлі мәліметтер мен экология мәдениеті туралы айтылған. Менің жобадағы мақсатым –қасымдағы достарыма және мұғалімдеріме интернет желісі арқылы көмектесу әрі достарыммен бірге жүре отырып, түрлі қайырымдылық жұмыстарын жүзеге асыру. Мен үшін «Эко мектеп» жобасы өте маңызды болып табылады,- дейді жобаның SMM менеджері.

8b1a462a-26cd-42a2-ae82-85b3e0f98e4f

«Эко мектеп» жобасының басы-қасындағылар Рамазан айында қайырымды істі де қолға алған. Киімдерге екінші өмір сыйлауды мақсат еткен жоба мүшелері мектеп ұстаздарынан қабылданған киім-кешектерді жинақтап, мейірім орталығына  табыс етіпті.

 

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT