Бүгінде мектеп жасындағы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын оятумен қатар, олардың танымдық деңгейін өсіруге жетелейтін «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңызы зор болып отыр. Ел Президентінің бастамасымен үш жыл бұрын енгізілген аталмыш жоба аясында көптеген игі-шара қолға алынып, өз жалғасын табуда.
Өткен аптада аудан орталығындағы іргелі білім ордаларының бірі – Д.Төленов орта мектебінде аталмыш жоба шеңберінде «Бір отбасы – бір кітап» байқауы болып өтті. Оған мектептің оқушылары ата-аналарымен бірге атсалысты.
Балаларды жас кезінен кітап оқуға қызықтырып, отбасылық оқу дағдыларына бейімдеу, көркем әдебиетті қызыға оқитын оқырмандар аудиториясын кеңейту, кітапхана мен отбасы арасындағы тұрақты қарым-қатынасты нығайту мақсатын көздеген байқауға барлығы 4 отбасы қатысты. Әр отбасыға алдын ала оқуға оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай шығармалар берілді. «Буктрейлер» деп аталатын байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар шығарма мазмұны бойынша 2-3 минуттық бейнебаян дайындады. Екінші бөлімінде «даналық ойдан дән ізде» яғни, әр командаға өздері оқыған шығармадан алынған дәйексөздерді түсіндіріп беру тапсырмасы жүктелді. Сайыстың ең қызықты сәті соңғы бөлімде шығарма желісі бойынша сахналық қойылым көрсетті.
Байқаудың нәтижесінде әділқазы алқасының шешімімен жүлделі 1 орынды 5 сынып оқушысы Сәтжан Зайнұр, Ардақ Нұрановтың отбасы жеңіп алды. Олар бұл сайысқа жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» шығармасы бойынша дайындалып, барлық кезең бойынша жоғары ұпай еншіледі. Сәтжанмен бірге байқауға қатысқан анасы «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиесшісі Гүлназ Масалова:
- Мектеп ұжымы ұйымдастырған бұл байқау тәрбиелік мәні зор тамаша шара болды. Отбасымызбен Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» романын оқыдық. Тыл ардагері атасы соғыс кезіндегі қиыншылықтарды кеңінен түсіндірсе, әкесі романдағы терминдер мен жер-су аттарын, жалпы кітапта айтылған негізгі ойды ұғындыруға тырысты. Ұлым Сәтжан екеуміз романдағы «Ақ бата-ізгі тілек» тақырыбынан көрініс кейіпкерлерін шынайы сомдаған болатынбыз. Батырдың «тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ер болмайды» атты дәйексөз мазмұнын талдап-түсіндіріп, роман мазмұнындағы соғыста елін қорғаған ер жүрек ерлер, шабуыл мен қорғаныстың айла- тәсілдері, туған жер, достық, сағыныш сынды құндылықтарды баяндай отырып, оқырманды осы кітапты толықтай оқып шығуға шақыра білдік деген ойдамын. Әр сыныптың намысын қорғап, шараға қатысқан барлық отбасының дайындықтары «өте жоғары» деңгейде болды. Ұйымдастырушыларға үлкен ризашылығымды білдіремін, - деген ол алдағы уақытта да осындай мәні зор шаралар жиі өткізіліп тұрса деген ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар, 7 сынып оқушысы Мырзасих Гүлназым – О.Сариев отбасы (Сәкен Сейфуллин «Бақыт жолында» драмасы бойынша) және 4 сынып оқушысы Әлібек Адина – Ғ.Сүлейменов отбасылары (Ыбырай Алтынсарин «Әке мен бала» әңгімесі бойынша) байқаудың ІІ орын жүлдегері болып танылды. Ал, ІІІ орынды 7 б сыныбынан қатысқан Хайреден Асия - Әділбаевтар отбасы (Сәкен Сейфуллин «Бақыт жолында» драмасы бойынша) еншіледі. Байқау қатысушылары дипломдармен марапатталды.
Б.САПАРОВА