Білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілді

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Атырау облысына жұмыс сапарымен келген кезде айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысына Қазақстан Республикасының Оқу–ағарту министрлігі тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекова мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының психология және тәрбие институтының директоры Анар Тәңірбергенова іссапармен келді. Олар қаладағы бірқатар мектептерді аралап, бағдарламаны іске асыруды насихаттады. ҚР Оқу–ағарту министрлігі тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекованың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» күшіне енді. Онда ұлттық құндылықтар негізге алынып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейді.

«Мектептердегі біртұтас тәрбие бағдарламасы балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру мақсатына жетудің тиімді құралдарының біріне айналады. Тәрбиені күшейту мақсатында Абай Құнанбаевтың «Толық адам» іліміне негізделген біртұтас тәрбие бағдарламасы жасап шығарылды. Қазіргі таңда барлық өңірлерге ол бағдарламаның кешендік жоспары және әдістемелік нұсқау алгоритмі берілді. Енді бір жылдың ішінде жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінен үлкен құжат – концепция жасауға негіз болады деп ойлаймыз», - деді М.Медетбекова.

Мұнан соң министрлік өкілдері Атырау облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Олар мектеп асханаларындағы тамақ сапасының көңілден шықпауы, кейбір мектептерде асхананың мүлдем жоқтығы, әр мереке сайын мұғалімдерге ақша жинау секілді көптеген мәселелерді көтерді.

Жұмыс тобы «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» насихаттау және түсіндіру мақсатында еліміздің барлық облыстарына баруды жоспарлап отыр отыр.

Мира НҰРТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT