Талай шәкірттің санасына нұр құйған, ұстаздық еңбек жолында сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай күш қажырын жұмсап, терін төккен ұстаздар, бірі физик, бірі математик, зор беделге ие, құрметке лайық жандар – Жедіғали Наурызов пен Қамария Тулақпаеваның шаңырағына келін боп түскен Базар Ғаббасованың да ұстаздық қызметті таңдағанына жиырма жылдан асты.
«АНАМ ДӘРІГЕР БОЛҒАНЫМДЫ ҚАЛАДЫ»
Ақтоғай орта мектебінің білікті де, білімді жоғары санатты зерттеуші мұғалімі, шығармашыл ұстаз Базар Қазтуғанқызы 1977 жылы Атырау облысы, Индер ауданының Зеленый ауылында дүниеге келген. Көпбалалы қарапайым отбасында өмірге келген оның балалық шағы Көктоғай, Есбол ауылдарында өтеді. Әкесі Қазтуған Ғалымжанұлы 80-ші жылдардың басында Индер аудандық ауыл шаруашылығы техникалары мекемесінен Есбол ауылына ауысады. Осы жердегі Кулагино орта мектебінің табалдырығын аттаған Базар әр шәкіртіне жылуын сыйлай білген талай ұлағатты ұстаздан тәрбие алып, 1994 жылы мектепті үздік тәмамдайды. Анасы Талшын Отарова – «Күміс алқа» иегері. Есбол ауылындағы балабақша аспазшы болып қызмет атқарған.
– Марфуға әжемнің, әке-шешемнің тәлімді тәрбиесін алдым. Бала кезімнен өнерге деген қызушылығым да, талпынысым да болды. Кішкентай кезімнен ән айтып, би билейтінмін. Бойымнан қандай да бір өнердің ұшқыны табылып жатса, ол әкімінің де нағашыларынан дарыған болуы керек. Себебі әкем, оның ағалары, іні-қарындастары домбырадан бөлек, өзге де музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтып, күй тартатын. Маған алғаш домбырада ойнауды меңгертіп, ән айтуды үйреткен Гүлбану әпкем мен Ақмарал Бисенова есімді жеңгем болатын. Кейін Есбол ауылындағы балалар саз мектебінде дәріс алдым. Негізінде анам менің дәрігер болғанымды қалаған еді. Алайда өзімнің осы музыкалық қабілетімді ашу мақсатында жоғары оқу орнына музыка пәні мамандығына тапсырдым. Студент кезімде фортепиано, баян және өзге де музыкалық аспаптарда ойнап жүрдім,- дейді кейіпкеріміз.
Ол 1998 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка және бейнелеу өнері факультетінің «музыка пәні мұғалімі» мамандығын аяқтап, отбасылық жағдайға байланысты тек 2001 жылдан бастап қана ұстаздық жолға келіп, Индер ауданындағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектебіне орналасады. Кейін 2010 жылы жанұясымен бірге Ақтоғайға көшіп келеді. Алғаш келген мезгілде орта мектептегі сағатынан бөлек балабақшада да, аудандық саз мектебінде де музыкадан сабақ беріп жүрді. 2014-2016 жылдары Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінен «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын алып шығып, бүгінгі күні музыкадан да, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен де оқушыларға дәріс беріп келеді.
«ШӘКІРТ ЖЕТІСТІГІ – ҰСТАЗ МЕРЕЙІ»
Өзінің дайындаған оқушылары да жетістіктен кенде емес. Осы жылдар ішінде оларды өнер жолына тәрбиелеуде үздіксіз ізденіс үстінде жүре отырып, тынымсыз еңбектің нәтижесінде шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде танылып, республикалық «Қазақстанның үміт артар оқушылары» жинағына енді.
– «Оқушыларды жан-жақты тұлға қылып тәрбиелеу – әрбір ұстаздың міндеті» екенін берік ұғынған Базар Қазтуғанқызынан тәлім алған шәкірттерінің бірі Адай Берік Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне грантпен оқуға түсіп, аталған мамандық бойынша тәмамдап, ұстаздық еңбек жолын жалғастыруда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өткізілген облыстық «Желбіре, Жеңіс алауы» атты көркемсөз байқауында Инабат Сансызбай І орынға ие болса, TIO.kz дәстүрлі интернет олимпиададада оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Асылзада Төлеу ІІ дәрежелі дипломды қанжығасына байлады. Өткен жылы оқушысы Ануар Жаңбырбай бүкілресейлік таланттылар сайысына қатысып, «Әдебиет олимпиадасы» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталған. Бұдан өзге де көптеген жоғары марапаттары бар. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, өнерімен де көрермендердің жоғары бағасына ие болып, дәстүр жалғастығы мен ұрпақ сабақтастығын паш етіп жүрген жан алда талай шәкіртті дайындап, биік белесті бағындыратынына сенімдіміз,- дейді мектеп директоры Ж.Ізғали.
БАЛАЛАРЫ СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Республикалық «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған Базар Қазтуғанқызы мектепте сабақ берумен қатар домбырашылар үйірмесін де жүргізеді. Облыстық педагогикалық оқулар сайысында І дәрежелі дипломмен марапатталған ұстаз шығармашылық ізденісін 2020 жылы жаңа форматтағы заманауи бейнесабақтар дайындауда көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті.
– Еңбегі еліміздің мектептеріне тарады. «Өрлеу» білікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Г.Ахметованың Құрмет грамотасымен марапатталды. «Өрлеу» орталығының Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігн арттыру институты директоры М.Ғалымжанованың Алғыс хатына ие болды. Базар жаңартылған білім бағдарламасы, деңгейлік курстар бойынша дәрістерден өткен. Музыка пәні бойынша әдістемелік жинақ дайындаған, аудан, облыс көлеміндегі семинарларда сабақ берген ұстаздың әлі алда талай жобаларды жүзеге асырып, оқушылардың бойына білім нәрін құюда қалтқысыз еңбек ететіндігіне сенім мол,- дейді «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері М.Дауылбаев.
Базар Ғаббасованың есімі Республикалық «Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз» жинағына еніп, жанұя бақытына бөлене отырып, отбасымен бірге Халықаралық «Үлгілі отбасы» дипломымен қатар «Элита» Алтын медалін иеленді. «Күміс алқа иегері», көп балалы ана балаларының бойына өнерді де, спортты да, білімді де қатар дарытып келеді. «Өнегелі отбасы» атағы бар әулеттің ұл-қыздары волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын қалай жоғары деңгейде меңгерсе, музыкалық аспаптарда да сондай дәрежеде ойнайды. Балаларын қазақ халқының салт- дәстүрімен сусындап, білімдерін жетілдіру, мәдени құндылықтарын, өнерін, тарихын насихаттауда жұмыс жасап келе жатқан Базар Қазтуғанқызының еңбегін ауылдастары ерекше құрметтейтіні анық.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ