26-тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Халықаралық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлері, сондай-ақ оларды дайындаған педагог-тәлімгерлермен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл оқушылар халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу тарихында жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медальмен толықты.
Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған 27 қазақстандық оқушы қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сыйақының жалпы сомасы 76 млн теңгеден асады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сертификаттар мен қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар табыстады. Жеңімпаздарды дайындаған педагог-тәлімгерлер де ақшалай сыйлыққа ие болды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл Президент халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төлеу ережесін қарастыратын заңға қол қойды. Осылайша оқушыларымыз халықаралық зияткерлік сайыстарда жеңіске жеткені үшін алғаш рет ақшалай сыйлық алып отыр. Алтын медаль алған оқушылар 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алды. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздарға да бір реттік сыйақы берілді. Оған қоса халықаралық олимпиада жеңімпаздары қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін автоматты түрде грант алады, деді Асхат Аймағамбетов.
Атырау облысы атынан «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлектері, физикадан халықаралық олимпиаданың (IрhO) күміс медаль иегері Ризабек Алпамыс 3 млн 180 мың, математикадан халықаралық олимпиаданың (IMO) қола медаль иегері Зауытхан Әділет 1 млн 590 мың теңгенің иегерлері атанды. Ұстаздары Әділет Раисов, Мевлют Аяз, Арнұр Қазыбековке және жүлдегерлердің ата-аналарына министрдің алғыс хаты табысталды.