Мектеп – баланы білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жан-жақты тәрбие беретін, оқушының бойындағы қабілетін ашып, талантын шыңдайтын орын. Академик Қаныш Сәтпаевтың «Музыка адам жанының олқы тұстарын қалпына келтіреді» деген керемет сөзі бар. Айтқандай, қазіргі қоғамға сай, жан-жақты дамыған, патриоттық, адамгершілік, эстетикалық қасиеттері бойына дарыған азаматты тәрбиелеуде музыка өнерінің рөлі зор.
Жуырда Ақтоғай орта мектебі Атырау облысы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, 15-35 жас аралығындағы ауыл жастарының әлеуметтенуіне қолдау көрсету және елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымды қалыптастыру мақсатында өткен «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасына қатысып, «ASPAP LIVE» жобасы грантын ұтып алды.
-Оқушылардың қызығушылығын тудыру, шығармашылығын арттыру, ақыл-ойын дамыту, әсемдік әлеміне жетелеу мақсатында Ақтоғай орта мектебінде музыка үйірмесі бұрыннан жұмыс жасайды. Осы үйірменің жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында аталған жобаға мектебіміздің жас ұстазы Жұлдыз Сапарбаеваны қатыстырған болатынбыз. Біздің жобамыз облыс бойынша ұсынылған 60 жобаның арасынан жеңіске жетіп, 500 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алдық. Жобаның мақсаты – белсенділігі төмен, тұйық мінезді, ортаға қосыла алмайтын оқушыларды мектептің шараларына тарту. Олардың өнерлерін одан әрі шыңдау және бос уақытын тиімді әрі пайдалы іске жұмсау. Қазақ халқының шығармашылығы жөнінде кеңінен білім беру, ұлттық салт-дәстүрімізді түсіндіру, ұлттық рухты бойларына сіңіру, танымын ашу, халық музыкасына деген сүйіспеншілігін арттыру, музыкалық аспаптардың үнін ажырата отырып, меңгере білуге үйрету. Оқушыларға музыкалық аспап беріп, олармен бірге ән орындау балалардың музыкаға деген, өзіне деген сенімділігін арттырады,- дейді мектеп тәлімгері Мәдина Қайрекешова.
Үйірменің ұйымдастырушысы, музыка пәнінің мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Базар Ғаббасованың жетекшілігімен ЖК «Тулеповтен» ұлттық аспаптар сатып алынып, бастамашыл топ жаңа жоба аясында жұмысын бастады. Қазіргі таңда ансамбль құрамында 23 бала бар.
Б.СҮЙЕУОВА